Шымкент қалалық әкімдігінде муниципальді автопарк қызметін үйлестіру бойынша қала әкімдігі мен «Green Bus» ЖШС мекемесі арасында екіжақты меморандум жасалды. Алдымен жергілікті БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырып, аталмыш шараның маңыздылығын жеткізген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров және «Green Bus» ЖШС мекемесінің басшысы Бақыт Бектаев өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды. Айта кетейік, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына»сәйкес, қала аумағында жолаушылар көлігінің қызметін үйлестіретін муниципальді автопарк ашу жөнінде айтылған еді. Ендігі жерде бұл қызметті қала әкімдігі мен «Green Bus» ЖШС мекемесі бірлесе қолға алатын болды. Яғни, ондағы қызметтің 49 пайызы қала әкімдігінің, 51 пайыз үлесі «Green Bus» ЖШС мекемесіне тиесілі болмақ.
— Ең бастысы, муниципальді автопарк қызметін іске қосу — қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай оң ықпалын тигізбек. Мұндағы арнайы конкурс арқылы жаңа бағытқа қойылған қоғамдық жолаушы тасымалдаушы автобустар метан газымен қозғалатын болады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де арнайы жабдықталған автобустарды бағытқа қою жоспарлануда, — деп атап өтті Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаның алғашқы кезеңі аясында жыл соңына дейін 10 бағыт бойынша 150 автобус пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, Бас жоспарға сәйкес, қалаға жаңа қосылған елдімекен тұрғындары қоғамдық жолаушылар көлігімен жүйелі түрде қатынау мүмкіндігін иеленетін болады. Жобаның алғашқы кезеңінде мұндай мүмкіндікке ие болатын елдімекендер қатарында «Жаңаталап», «Текесу», «Қайнарбұлақ», тағы басқалар бар.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі