Бүгінгі таңда ел аумағында ғана емес, Орта Азиядағы аграрлық азық-түлік белдеуіне ие болып табылатын Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігін арттыруға қабілетті. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен қала әкімдігінің мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиында қала әкімінің орынбасары Т.Баймұханов аграрлық саланың бүгінгі ахуалы бойынша баяндама жасады.— Бүгінгі таңда ондірілген 44,8 мың тонна сүт өнімдері қала халқының 47 пайызын қамтуға жеткілікті. Сондай-ақ, 8,4 мың тоннаны құрайтын еттің қамту көрсеткіші 22 пайызға тең. Көкөніспен қамту деңгейі 67 пайызға жетті. Қаланың ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында қалада жыл сайын жоғары және колледж оқу орындарында 700-ден астам маман даярланады, — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Баяндамашы келтірген деректер бойынша, өткен жылы жалпы егістікке – 463,8 миллион теңге субсидия берілген.Нәтижесінде, жаңа үлгідегі өнеркәсіптік жылыжайлар көлемі 23 гектарға артып, 131,1 гектарды құрапты. Сондай-ақ, аталмыш салаға салынған инвестиция 292,5 миллион теңгені құрады. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жалпы құны 6,2 миллиард теңгені құрайтын 9 бизнес жоспар әзірленуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі