Шымкент қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттердің шекара қызметі басшыларының төртінші мәжілісі болып өтті. Ал оған қатысушы алты мемлекеттің, яғни Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов арнайы қарсы алды. Мәжілістің негізгі мақсаты нақ осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің шекарасындағы жағдай туралы өзара ақпараттармен алмасу болып табылады. Сондай-ақ шекаралық аймақтарға еніп, өздерінің заңсыз іс-қимылдарын жүзеге асыруға тырысатындардың жолын кесуге бағытталған өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы іс-шаралардың барысын талқылауға арналған. Мұнымен қоса тараптар атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы уақытта атқаратын басқа да жоспарларды пысықтайды. Осындай маңызды мақсат міндеттер жүктелген мәжілісті облыс әкімі алғысөзбен ашып берді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларын күзетуге, тероризмге, сепаратизмге және экстремизмге қатысы бар тұлғалардың өтетін арналарын кесуге бағытталған, практикалық ынтымақтастықты күшейтуге арналған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Осылайша Шекара қызметі басшыларының кездесуі сындарлы жағдайда өтіп, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзетуге арналған нақты қадам болды деп айтуға негіз бар.
Абай Омар