Бүгін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов қаладағы түнде өртке оранған «Исатай» азық-түлік базарының жағдайымен танысып, ондағы сатушылармен кездесті. Облыс әкімі өртке оранған нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүретінін айтып, сабырлық танытып отырған сатушылар мен сауда орталығының басшылығына алғысын білдірді. Сондай-ақ, өртті дер кезінде ауыздықтатып, шұғыл жұмыс атқарған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен қала басшылығына ризашылығын жеткізді.
Орын алған жағдайға байланысты аймақ басшысы тиісті сала мамандары мен қала басшылығына олқылықтың орнын жойып, тез арада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, қалпына келтіру жұмыстары кедергісіз жүргізіліп, шығындарды өтеу бойынша сақтандыру компаниясы тарапынан бөлінетін қаржы ешқандай бюрократиясыз іске асуын бақылауды және тұрғындар жұмыс орнымен қайта қамтылуын нықтап айтты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі