Дүйсенбіде өңір басшысы Б.Атамқұлов Шымкент қаласына қарасты Қаратау аудандық әкімдігіне Сайрам ауданынан жаңадан қосылған бірқатар елді мекендердегі нысандарды аралады. Сондай-ақ, ондағы жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жұмыс сапарына облыстық мәслихат депутаты Р.Омаров пен қалалық әкімдіктің жетекшілері де қатысты.
Жұмыс тобы, ең алдымен, ондағы орталық саябақты көрді. Демалыс орнын қайта жөндеуден өткізіп, жергілікті халық үшін ыңғайлы орынға айналдыру керектігін айтқан облыс әкімі бұл мәселені шешу ісін қала әкімдігіне жүктеді. Мұнан соң, Б.Атамқұлов аудандағы №1 қалалық ауруха мен №12 емхананың жағдайымен танысты. Мұндағы басты проблема – жергілікті халық үшін медициналық жедел жәрдем бөлімшесінің жоқтығы. Мәселеге қанық болған аймақ басшысы ауданнан жедел жәрдем стансасын салуды жауапты мамандарға тапсырды. Бұрынғы Сайрам ауданына қараған орталық базар жұмысшы топтың назарынан тыс қалған жоқ. Ондағы сауда орындарының орналасу тәртібі мен жол бойындағы көлік кептелісіне куә болған өңір басшысы жауапты сала мамандарына сол маңнан арнайы автотұрақ салуды жүктеді.Әкімге мәлім болған тағы бір мәселе – ол Сайрам халқы үшін халыққа қызмет көрсету орталығының жоқтығы еді. Жергілікті жұрттың құжаттарын реттеу үшін қалаға сабылатынын тыңдаған облыс әкімі ондағы облыстық өзбек театрының ескі ғимаратын халыққа қызмет көрсету орталығына айналдыру тапсырмасын жүктеді.Жұмыс тобы, сонымен қатар, қайта жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген Мәртөбе тариxи ескерткішін көрді.Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан Б.Атамқұлов Сайрамдағы тас жолдың қайта жөндеуі мен күрделі жөндеу жұмыстарын 2016-2017 жылдары аяқтап, аяқжолдарды ретке келтіру мен көшелердің жарықтандырылуын, сонымен бірге, су құбыры жүйелерін қалпына келтіру тапсырды.Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жақын маңдардағы карьерлерден инертті материалдарды Сайрам арқылы тасымалдауға тыйым салу жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі