Шымкентте 886 мың халық тұрады. Қалада 519 өнеркәсіп, 73 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандар, 127 мектеп пен 327 балабақша бар. Мәдениет және спорт саласының ғимараттары болса 800-ден асып жығылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің саны тағы да арта түспек. Шымкент өркендеген, дамыған қалалардың қатарында, яғни үшінші мегаполис болуы тиіс. Бұл Елбасының тапсырмасы. Жүз нақты қадамға негізделген қаланың 5-жылдық дамуы жоспары да бар. Осы бағытта ағымдағы жылы қандай жұмыстар атқарылмақ. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде мәлім етті. Жүз нақты қадамда бекітілген жоспарлар бойынша Шымкент қаласының әкімі қаланың 2020-жылға дейінгі даму тұжырымдамасын дайындады, бастапқы кезеңге кірісті. Яғни 2016 жыл жобаның алғашқы қадамдарын жүзеге асыратын мезгіл. Биыл қала келбеті өзгеріп, бірқатар тұрғын үйлер мен жаңа нысандарға толығады. 28 көшеге және 231 аулаға жаңа жарық шамдар орнатылса, 8 магистральды, 3 елдімекендегі көшелерге қайта құру құрылыстары жүргізілмек. Күрделі жөндеуден 48, орта жөндеуден 73 көше өтіп, 14 бағдаршам мен 20 жолаяқтар салынады. 2018 жылға дейін апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Ал спорт саласы мен мәдениет саласындағы жетістік жекенің меншігіне өтіп, мақсатқа сай пайдаланылмай тұрған Металлург стадионы мен Фосфоршылар сарайының қайта әкімдік балансына қайтарылуы болмақ. Сонымен қатар, көп салада биыл жаңа бастамалар мен түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады. Мегополис тиісті халықаралық стандарттарға, талаптарға сай болуы керек. Бұл тұрғыда аймаққа жаңадан қосылған елдімекендердегі инфроқұрылым жүйелері, ретсіз саудалар, әуежай мен темір жол вокзалының жайы басты назарға алынған. Нақты мақсат, жоспары бар «Шымкент сити» жобасының да алғашқы кезеңі бүгінде бастылып кетті. Келешекте бұл аймақта жаңа үлгідегі тұрғын үйлер , бизнес орталықтары, ірі сауда орындары мен балабақшалар бой көтереді. Биыл жобаны іске асыру үшін бюджеттен инженерлік –коммуникациялық жүйелер құрылысына 2,1 млрд, ал 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына 1 млрд. теңге қаржы бөлінген.
Жомарт Бегімбетов