Шымкент қаласының орталық алаңдарының бірінде қалаға таяу маңдағы Сайрам елді мекеніндегі жоңғарлармен болған Отан соғысында сонау Ақтөбе өңірінен келіп, қазақ жерінің тұтастығы жолында жанын құрбан етіп, ерліктің үлгісін көрсеткен әкелі-балалы қас батырлар Жолдыяқ пен Тілеуге еңселі ескерткіш орнатылған. Бүгінгі әңгімеміз осы батыр бабалардың тікелей ұрпағы болып келетін ғалым-журналист Серікқали Байменше жөнінде болмақ.
Ұлттық сөз өнеріндегі жарқын тұлға Бейімбет Майлиннің шығармашылығы сан қырлы. Қазақ әдебиетіндегі біртуар қаламгердің қоғам өмірінің көркем бейнесін сомдаған туындыларымен бүгінгі оқырман жақсы таныс дегенімізбен, оның айналымға түссе, қазақ мәдениетіне мол үлес болып қосылар, өкінішке қарай жұртшылыққа әлі күнге дейін беймәлім шығармалары аз емес. Осы реттен келгенде Б. Майлиннің белгісіз туындыларын іздестіру, табу, зерделеу, жазушының кейінгі жинақтарына қосу, оларды жалпы айналымға енгізу көптен шешімін күткен мәселе болатын.
Әрине, ғылымда инемен құдық қазғандай деп аталатын мұндай бейнеті мол іске бел шешіп, білек сыбана кірісу әрі соның үдесінен шыға білу көп дайындықты және ғылымға табиғи бейімдікті қажет етсе керек. Өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған ғалым, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше қиын да күрделі, бірақ рухани өміріміз үшін қажет осы бір игілікті істі мықтап қолға алып, жазушы зертханасына тереңдей үңіліп, жұртшылықты елең еткізер тың ізденістер, ұтымды ойлар айтқан алғашқы ғалым-қаламгерлердің бірі. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде дәріс алып жүрген студент кезінен ғылымға бейімдік танытып, кітапханаларға көбірек барғыштап, қазақтың аса көрнекті қаламгері Б.Майлиннің шығармаларын ерте зерделеді. Сөйтіп, ол өмір бойы өз тақырыбын зерттеп келеді деп айтуға болады.
Университет бітіргеннен кейін Серікқали Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істеді. 1989-1991 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты, аға оқытушысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Баспасөз орталығының консультанты, Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы болып еңбек етті.
Қазақстанның тәуелсіздікке ие болар қарсаңындағы сан алуан оқиғалар тізбегі Серікқалиды өмір-өзен ағысымен жетелеп, ел тәуелсіздігіне үлес қосар түрлі қызметтер атқарудың толқынына ілестіріп әкетті.Атап айтқанда, Қазақстан тәуелсіз ел атанған 1991 жылдан 2007 жылға дейін бұрынғы Жоғарғы Кеңесте, кейін қос палаталы Парламентте, Сенат Аппаратында жауапты қызметтер (консультант, аға консультант, сектор меңгерушісі, Баспасөз хатшысының орынбасары, Редакциялық-баспа бөлімі, Жалпы бөлім меңгерушілерінің орынбасары) атқарды.
Серікқали Байменше соңғы он жылға таяу уақыттан бері дипломатиялық қызметте келеді. 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды және осы кезеңде тәжірибелі журналист ретінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса атқарды. Оның осы кезеңде оның қаламынан туған, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған көптеген маңызды тарихи-танымдық материалдар жұртшылық ықыласына бөленді. Мысалы, 1937 жылы нақақтан атылып, денесі өртеліп, бір шөкім күлі ғайыптан сақталып қалған қазақ қайраткерлері жөнінде Серікқали жазған публицистикалық зерттеу мақалаларына («Бесеудің бесігі», «Құпия құлпытас» т.б.) кезінде Сенат депутаттары назар аударып, мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдағаны есімізде.
Журналист-дипломат Серікқали Байменшенің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде атқарған ресми қызметі журналистика саласында елді елең еткізген әлгіндей тың ізденістермен астасып отырса, 2012-2015 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек ете жүріп, халықаралық қатынастар саласында мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, дипломаттардың мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал ету орайында атқарған істері, осы бағыттағы толғақты мәселелер төңірегінде білдірген өзіндік ой-толғамдарын оқырмандардың жылы қабылдағанынан да хабардармыз. Тәжірибелі қаламгер, зерттеуші-ғалым, үздік аудармашы Серікқали 2015 жылғы мамыр айынан бері Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақ нормативтік актілерін аудару бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Бұл салада да ол қазақ тілінің халықаралық қатынастағы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі рөлін арттыра түсуге басшылық жасауда.
Міне осындай қарбалас жұмыстармен ғылымды қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүйкеге салмақ түсіретін, машақаты көп, өте жауапты іс екені рас. Серікқалидың ерен еңбекқорлығы да осы арадан көрінеді. Бұған бәлкім сонау студент кезінен рухани тіршілігінің бір көзіне айналған Биағаң өмірінің қоңыр тіршілігі мен жазушының керемет еңбекқорлығы жұғысты болды ма екен кім білсін, әйтеуір Серікқали күнделікті қарбалас қызметте жүрсе де, сүйікті жазушысының шығармашылығын зерттеуден еш қол үзген жоқ. Соның нәтижесінде 1995 жылы «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атағына ие болды. Ал араға тоғыз жыл салып, 2004 жылы «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғап шықты. Тәуелсіз елімізде Б.Майлин еңбектерінкеңестік замандағыдай тапқа не партияға бөлмей, біртұтас шығармашылық құбылыс ретінде тікелей зерттеген һәм Бейімбаттанудың жаңа ғылыми бағытын қалыптастырған тұңғыш доктор деп Серікқали Байменшеніайтсақ, ешбір қателеспейміз.
С.Байменшенің жазушы зертханасына жылдар бойы үңіліп, бұл бағытта ерінбей-жалықпай жүргізген зерттеуінің нәтижесін талдап, таразылауды газет беті көтермейтіндіктен, біз ғалымның алдына қойған негізгі мақсатына ойдағыдай қол жеткізгенін, сол арқылы Б.Майлин шығармашылығының бұған дейін беймәлім болып келген белгісіз қырлары айналысқа түсіп, оқырманға жол тартқанын тілге тиек етеміз. Атап айтқанда ғалым жазушының туындыларын ғылыми ой елегінен өткізген, оның идеялық және шығармашылық ізденістеріне тарихи-әдеби зерттеу жүргізген әрі мұны жазушының зертханасындағы фактілермен тиянақтап отырған, толық нұсқасы жоқ бірқатар шығармаларын жаңадан табылған жарияланымдармен толықтырған, тың деректерді салыстыру, талдау, жүйелеу арқылы Биағаның кейбір шығармаларының бірнеше нұсқасы болғандығын дәлелдеген, жазушы шығармашылығының жекелеген ерекшеліктеріне, қаламгерлік тәжірибеге, нақты өмірлік материалдың қорытылу жайына, дәуір дидарын дәйектеу амалдарына назар аударған, ақырында Б.Майлин мұрасын зерделеудің жаңа ғылыми бағытын ұсынған.
Сондай-ақ жазушы туындыларының шығармашылық тарихын алғаш рет зерттеу объектісіне айналдырған ғалым Б.Майлиннің «Садақ», «Айқап», «Абай», «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Ұран», «Қазақ мұңы», «Өртең», «Еңбекшіл қазақ» («Еңбекші қазақ»), «Ауыл», «Ауыл тілі», «Сыр бойы», «Жұмысшы», «Әйел теңдігі», «Жаңа ауыл», «Социалды Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы» сияқты сол заман басылымдарында жарық көріп, кейін ұмыт болған бірқатар туындыларын, ел аузында сақталған кейбір еңбектерін ғылыми айналымға қосты. Жазушының «Бейімбеттің өлеңдері», «От басында» деген тұңғыш тырнақ алды кітаптарының тарихи-әдеби және саяси тағдырын ғылыми тұрғыдан тиянақтады. Жазушының оқулықтар мен оқу кітаптарын, күнтізбелік жинақтар, әліппе мен әліппе орнына пайдаланылатын құралдар шығарған қаламгерлік қызметін жан-жақты көрсетеді, осы кітаптардың мән-маңызы мен мазмұн-дәрежесін сараптайды.
Жалпы, С.Байменшенің Бейімбет шығармашылығына арнаған еңбектері кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаумен шектелмейді. Оның «Майлының Бейімбеті» (Алматы, «Білім» баспасы, 1994 ж.), «Бейімбеттің сөзстаны» (Алматы, «Рауан» баспасы, 1996 ж.), «Бейтаныс Бейімбет» (Астана, «Елорда» баспасы, 2001 ж.), «Зергердің зертханасы» (Алматы, «Сөздік» баспасы, 2005ж.) тәрізді Бейімбет шығармаларын талдауға арналған еңбектерінен басқа, жазушының бұған дейін белгісіз болып келген шығармаларын тірнектеп жинап, бірнеше кітап етіп бастырып шығаруы («Тұңғыш құрбан» (Алматы, «Рауан» баспасы, 1996 ж.), «Белгісіз шығармалар» (Астана, «Фолиант» баспасы, 2001 ж.) ғалымның қазақ әдебиетін байыта түсуге қосқан өзіндік үлесі десек қателеспейміз. Сондай-ақ 1932 жылы Б.Майлин аударып, латын қарпімен шығарған П.Быковтың «Романовтардың соңғы күндері» (Астана, «Елорда» баспасы, 2002 ж.) атты кітаптың араға жетпіс жыл салып, бүгінгі әріппен қайта жарық көруіне де С.Байменшенің сіңірген еңбегі мол. Соңғы жылдары зерттеуші Т.Бейісқұловпен бірлесіп, Бейімбет Майлиннің белгілі және белгісіз туындыларынан тұратын көп томдық шығармалар жинағын шығару жөніндегі жаңа ғылыми жобаны жүзеге асырды.
Сөз ретіне қарай С.Байменшенің қалам қарымы Бейімбет Майлин шығармаларын зерттеумен шектелмей, ғалым ретінде де, журналист ретінде де сан алуан қырынан көрініп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, ол журналистік еңбек жолын бастағалы бергі 40 жылға жуық уақыт ішінде заман талабынан туындайтын жүздеген мақалалар мен очерктер жазды. Жоғарыда әңгіме болған Бейімбет Майлин жөніндегі еңбектерінен бөлек, көркем әңгімелері «Қос жүрек» деген атпен «Достық бастаулары» (Алматы, 1990) жинағында жарияланды. «Төртінші билік» тағылымы» (Алматы, 1996), «Тағзым» (Астана, 1999), «Сәт сағат» (Алматы, 2008), «Мұрагер» (Алматы, 2010), «100 ертегі» (2011), «Дәнекер» 2013) кітаптары жарық көрді.
Жаңалыққа жаны құмар, беймәлім дүниені қаузап, ұмыт бола бастаған есімдерді ел есіне салуға ұмтылудан жалықпайтын байырғы әдетімен талантты қазақ жазушысы, 30-жылдары өмірден жас өткен Жиенғали Тілепбергеновтің ғұмырнамасын көркем-публицистикалық тұрғыдан зерделеп, «Елін сүйген ерек жан» атты кітап жазып шықты. Ол еңбегі 1997 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көріп, оқырман қолына тисе, 2002 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан аталған жазушының белгісіз болып жүрген «Перизат-Рамазан» атты шығармалар жинағын алғы сөзімен, ғылыми түсіндірмелерімен құрастырып шығарды. Бүгінгі күндері ол Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін екі өлеңдер жинағын шығарған, бірақ отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ақыны Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбегін жазу үстінде; осынау танымнан тыс қалған қазақ қаламгері хақында мағлұматты да мазмұнды еңбектерін жарияланып жүр.
С.Байменше былайғы жұртшылыққа аудармашы ретінде де танылған қаламгер. Ол шетел және орыс әдебиеті өкілдерінің бірқатар шығармаларын қазақша сөйлетуге ат салысып жүрген тәжірибелі тәржімеші. Атап айтқанда, Нобель сыйлығының лауреаттары П.Уайттың, У.Гольдингтің повестерін, Ч.Диккенстің. Х.Муракамидың әңгімелерін, Г.Фиштің очерктерін аударды, олардың бірқатары жеке кітап болып шықты.
Осының бәрін Серікқали мемлекеттік қызметтің ауыр да жауапты жүгін арқалай жүріп атқарды дегенге сенгің келмейді. Алайда өзің көзіңмен көріп отырғаннан кейін сенбеске лажың жоқ. Бұл аз десеңіз өзінің күнделікті қызметіне де шығармашылық тұрғыдан қарау С.Байменшенің қанына сіңген қасиет болса керек. Бұған оның Қазақстанда алғаш рет жарық көрген «Президент және Парламент» (Алматы, «Атамұра» баспасы, 2000 ж.) атты кітаптың жауапты шығарушысы және республикада тұңғыш рет екі тілде жасалған «Заңдар тізбесі – Перечень законов» (Астана, 2001, 2006 жж.) атты анықтамалық-библиографиялық басылымның авторы екенін, «Қазақстандағы баланың құқықтары» жинағын (Астана, 2003) құрастырушылардың бірі болғаныны айтсақ та жеткілікті.
Әңгіме орайына қарай мемлекеттік қызмет пен журналистиканы, ғылымды бір мезгілде қатар еңсеріп, халқына да, өзіне де пайдалы қыруар тірлік атқарып жүрген С.Байменшенің адал еңбегі атаусыз қалып келе жатпағанын да атап өту керек. Мәселен, оның «Баспасөздегі жанрлар жүйесі» (Алматы, 1997) атты еңбегі бүгінде журналистика мамандығы бойынша оқулық ретінде пайдаланылады. Ғалым ретінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше мәрте Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы, Докторлық Диссертациялық кеңестің мүшесі болды, филология, журналистика мамандықтары бойынша жалпы және арнаулы курстар жүргізіп, маман кадрлар даярлауға қатысты. Бұл оның ғалымдығын жалпы жұртшылықтың мойындағанының куәсі болса керек. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарімен, «Журналист» журналының (Мәскеу, 1984) Құрметті дипломымен, Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын Жұлдыз» (Алматы, 2006) Дипломымен марапатталуы да елге деген қалтқысыз қызметінің жемісі деп білеміз. Бұдан бөлек, кезінде жас журналистердің Бүкілодақтық ІІ слетіне (Мәскеу, 1980) қатысу құрметіне ие болды, Қазақстан Журналистер одағының С.Масғұтов атындағы сыйлығының лауреаты (1993), «Жас Алаш» газетінің Ғани Мұратбаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері (1993, «Бауыржан Момышұлы» құрметті белгісінің иесі (2010) және «Қазақстанның құрметті журналисі (2011) атанды.
Табиғатында ұқыпты, тиянақты С.Байменшенің ақырын жүріп, анық басып, өзіне де, қоғамға да пайдалы іспен шұғылданып, бұл бағытта абырой деген ең құрметті атаққа қарай біртіндеп, шым-шымдап жылжуына оның бойындағы мойымайтын ерік-жігер мен ерінбейтін еңбекқорлық себеп болды демекпіз. Бұған оның күнделікті қоғамдық жұмысты ғылыммен ұштастыра білген толағай тіршілігі куә.
Бүгінде өмірдің елеулі белесіне көтеріліп отырған замандасымыз — республикаға танымал журналист-публицист, баспагер, ғалым-зерттеуші, оқытушы-ұстаз, аудармашы, дипломат,халықаралық қызметші, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Серікқали Байменше Қазақ елінің мәртебесін арттырып, халқына адал қызмет етіп жүрген өресі биік, ойы озық, елжанды ерекше азаматтардың бірі.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты