«Ұрпақтар сабақтастығы». Ғани Иляевтің 100 жылдық мерейтойына арналған көрме осылай аталады. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Бейнелеу өнері мұражайында өткен іс-шарада белгілі суретшінің 90 — ға тарта туындысы келушілердің назарына ұсынылды. «Өнер» атты әлемнің нәзік жолын таңдаған Ғани Иляев сурет саласының үздігі. Өйткені, ол артында өшпестей мұра қалдырды, қазақтың ою-өрнек өнерін тереңнен зерттеп, сөзсіз сұлулығын ақ қағаз бетіне түсірді. Қазаққа етене таныс өрнектердің сан — алуан түрін ұрпаққа аманаттады. Ал, бүгінде оның әрбір суретіне келушілер таңданып, таңдай қағысты. «Ия, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Қазақтың ою-өрнегін қалыптасуында өзіндік орны бар Ғани Иляевтей азаматтың бүгінде ұрпағын жалғап, оның өнерін өрге домалатып келе жатқан ұлы Сұлтан Иляев әке аманатын арқалап келеді. Ал, немересі Эльмира Иляеваның да көремет туындылары көрме төрінен орын алды. Өзге мамандық иесі болса да, сурет салғанды жаны сүйетін жас қыз салған дүниелері көздің жауын алады.
Ғани Иляевтің 100 жылдығына арналған ауқымды көрме 2018 жылы Республика деңгейінде ұйымдастырылмақ. Ал, бүгінгі шаралар сол игі істердің бастамасы ғана. Бейнелеу өнер мұражайының қорында Ғани Иляевтің 20-дан астам туындысы сақталған. Ал, бүгінде оның тағы бір еңбегі аталмыш музейге аманатталып отыр.
Міне, сурет атты әлемнің жарық жұлдызы Ғани Иляевтың 100 жылдың мерейтойы да өз деңгейінде аталып өтті. Ерекше дарын иесіне деген құрмет, шәкірттерінің ыстық ықыласы, сурет өнерінің қас шеберлерінің жасаған тартуы мұнымен толастамақ емес.
Ұлдархан Уәлиханқызы