Зауыт құрылысы Ордабасы ауданындағы «Қазақ-түрік» индустриалды аймағында жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отырған өндіріс орнында жылына 150 мың тонна болат құйылып, құрыш табақтары мен сорғы корпустары шығарылмақ. Негізінен, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуді жоспарлап отырған зауыт болашақта өнімдерін экспорттауды да қолға алмақ. Айта кетейік, болат құю зауытының құрылысын өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі — «Karlskrona LC AB» ЖШС-і жүргізуде. Су сорғылары және айналма бекітпелер шығарумен танымал болған өндіріс орны болат балқыту зауыты іске қосылған соң мұндағы шығарылған сорғылардың жергілікті сұранысты қамту үлесі 90 пайызға жетеді деп жоспарлауда. Жылына 6500 дана тиегіш сорғы мен дистік айналма бекітпелер шығаруға мүмкіндігі бар «Karlskrona LC AB» ЖШС-нің автоматтандыру деңгейі жоғары болуының есебінен 40 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда шығарылатын өнімдердің 90 пайызын «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіруші кәсіпорындары мен ОҚО, Алматы, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстанның су арналары сатып алса, өнімнің 10 пайызы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға экспортталады. Болашақта бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.