2015 жылы улы газдан облысымызда 60 адам зардап шегіп, оның 13-і қаза болған, жалпы 29 бірдей қайғылы оқиға былтырғы жылы тіркелген. 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 31,8 пайызға өскен. Бұл туралы бүгін ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Александр Путейко баспасөз жиынында мәлім етті. Жаңа жыл басталысымен ағымдағы бір айда уланудың 9 оқиғасы тіркеліп, 24 адам улы газдан зардап шегіп, 12 адам салдарынан көз жұмған. Орын алған бақытсыз жағдайлардың 7 — еуі көмірмен жылытатын пештердің ақауларынан орын алса, 2 оқиға табиғи газдың шығуынан болып отыр. Айта кету керек, мұндай қайғылы жағдайлардың орын алуының басты себептері біріншіден желдеткіш жүйелерінің бұзылуынан, екіншіден газ құбырларының дұрыс жұмыс істемеуінен. Мұнан өзге, сала мамандары газ қазандықтарын жөндеуге және қандайда бір жағдайлармен ауыстыру қажет болса тек арнайы газ шаруашылығының маманын шақыртуға кеңес береді. Себебі, орын алған қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі тұрғындардың газды өздігінен ауыстыруларынан болады екен.