«Нұр Отан» Партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берік Оспанов Мақтарал ауданына арнайы іс-сапармен барып, жергілікті жердегі партия активімен кездесті. Яғни аудандағы партия филиалының атқарып жатқан жұмыстарымен танысқан Берік Серікұлы жүйелі жұмыстарды әрмен қарай жандандыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Басқосуда алғаш болып баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы Мақтарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбдіманап Байдуллаев атқарылған жұмыстарды жан-жақты сөз етті. Айта кету керек, көшбасшы партияның аудандағы филиалының жетістіктері де аз емес. Мәселен тұрғындардың талап-тілектері тыңдалып, мәселелерін шешу жолдары қарастырылатын қоғамдық қабылдауларда Мақтарал ауданының мерейі үстем. Өйткені, билік партиясының аудандық филиалы «Қоғамдық қабылдау» жөнінен биыл Республика бойынша екінші орынға ие болған.Баяндамдан соң Берік Серікұлы партияның аудандық филиалының атқарған жұмыстарына оң бағасын бере отырып, нақты бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айталық, Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау, Бастауыш партия ұйымдарын нығайту, Қоғамдық қабылдауларды күшейту сынды міндеттер қойып, партия жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты.Осылайша партия филиалының алда атқаруы тиіс мақсат міндеттерін айқындап берген Берік Серікұлы мұнан соң аудан көлемінде ұйымдастырылған «Әлеуметті қолдау-әлеуетті қолдау» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Аталмыш игі шараны ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясының Мақтарал аудандық филиалы ұйытқы болса, қайырымды іске осы ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбіш демеушілік жасаған. Яғни халық қалаулысы бұл күні ата – ана қамқорлығынан айырылған және тұрмысы төмен отбасы балаларына арнап ақ дастархан жайып, мерекелік тартуын ұсынды.
Бұл күнгі қайырымдылық акциясы барысында аудан көлеміндегі жалпы саны 172 мұқтаж оқушыларға сыйлық ретінде мерекелік жылы киімдер тарту етілді. Ұдайы қайырымдылық шараларынан қол үзбей, реті келсе өз сайлаушылары мен аудан тұрғындарына көмек көрсетіп жүрген халық қалаулысы Нұралы Әбішке бұл күні ел азаматтары мен ардагерлер қауымы да өз алғыстарын жаудырып жатты. Мерекелік дастархан басында игі тілектер айтылып, барлық акцияға шақыртылған оқушыларға арнап алынған сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. «Әлеуметті қолдау-әлеуетті қолдау» атты қайырымдылық акциясында оқушылардың көңілі қуанышқа толса, мерекелік шараның көрігін аудан өнерпаздары қыздыра түсті.
Абай ОМАР