2015-2017 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті республикалық трансферттен бөлінетін қаражаттың үнемделуі есебінен 155 миллион теңгеге қысқартылып отыр. Бұл жөнінде бесінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс елу үшінші сессиясында мәлім болды. Жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың депутаттары, бөлім басшылары қатысты. Жиынды сессия төрағасы Мұхтар Битеміров жүргізіп отырды. Күн тәртібінде қаралған «2015-2017 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу бойынша қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова баяндама жасады. Сессияның күн тәртібіне қойылған мәселеге депутаттар тарапынан бірауыздан шешім қабылданды. Жиын соңында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттіктер алдағы мерекелерді қандай деңгейде атап өтетінін мәлім етті.
Желтоқсан айының 16-жұлдызында қала халқы Әл-Фараби алаңында еліміздің белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік кешті тамашалай алады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесін лайықты атап өткеннен кейін, әдеттегідей, қаланың 3 бірдей көрнекті орнында жаңа жылдық шыршалар безендірілетін болады, — дейді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.