Қазақ Хандығының мерейлі мерекесі қарсаңында жоспарланған ауқымды шаралар біздің өңірде де өз жалғасын табуда. Бүгін Шымкенттің қақ төрінен орын алған қазақтың қаһарман ұлдары – әрі батыр, әрі би, ірі қолбасшы Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдаяқ Тілеуұлына тұрғызылған еңселі ескерткіш салтанатты түрде ашылды. 1681 жылы Сайрамда орын алған қырғын соғысқа арайлы Ақтөбеден 17 мың қол бастап келіп, ерлік көрсеткен батырдың рухына тағзым ету үшін еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған азаматтар келіп қатысты.
Төрелігін айтқан би, қолына ту ұстаған батыр, дархан ойлы дана адам ретінде ел мойындаған Тілеу Айтұлының есімі тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, расында қастерлі. Арада үш ғасырдан астам уақыт өтіп, есімі елеусіз қалған Тілеу ерлігін жаңғырту мақсатында Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы» Кемейдулла Төлеубайұлы 2011 жылы «Айғақ» газеті мен телеарнасына өтініш білдіріп келген болатын. Қарияның игі бастамасы ақталып, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіштің мұрындық болуымен ақсақал өңір басшысының қабылдауында болды. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков сол кездегі ОҚО-ның әкімі Асқар Мырзахметовке тарихи деректерді ескере отырып, Сайрам өңірінде көше атауын беру, ескерткіш мүсінін орнату туралы ұсыныс айтып, хат жолдаған болатын. Дәл сол ұсыныс — пікірлер араға 4 жыл уақыт салып бүгін орындалып отыр. Халық тағдыры сынға түскен сәтте –қаһарлы жаудың бетін қайтарып, айбынды тұлғасы ұлтқа үлгі, жұртқа ұлағат болып қалған қазақтың хас батырының есімі, ерлігі қайта жаңғырып, еңселі ескерткіші бой көтеріп отыр.
Тілеу батыр бастап келген 17 мың сарбаздың 11 мыңы сол соғыста жер жастанды. Қаншама өлім жылаусыз, қаншама өмір сұраусыз кетті. Аласапыран заманда намыс жолында Тілеу қолбасшының жанында жүрген қаһармандар ретінде оның ұлы Жолдаяқ пен інісі Қалдыбай батырлар танылады. Бүгін ашылғалы отырған еңселі ескерткіште: әкесінің артынан еріп, қиын -қыстау сәтте тірекші болған перзенті Жолдаяқ қатар қойылған. Тарихи шарамен облыс тұрғындарын құттықтаған қоғам және мемлекет қайраткері, ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков: «Бұл ескерткіш Тілеу мен Жолдаяқ батырларға емес, болашақ ұрпақтың рухани биік болып өсуі үшін қажет» екендігін атап өтіп, елді бірлікке шақырар рухты жырларын оқыды.
Ұлы баба рухын асқақтатып, болашақ жолында еткен ерлігі үшін қала орталығында үстіміздегі жылдың 1 қазаны күні еңселі ескерткіші ашылған болатын. Игі істің Оңтүстікте өз жалғасын табуда көпшілік заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев пен Иманәлі Байдаулетовтердің еңбегін ерекше атап өтті. Отан үшін басын өлімге байлаған нағыз ерлерді Оңтүстік қашан да құрмет тұтады. Демеушілер көмегімен орнатылған ескерткіштің ашылуына облыс, қала әкімдіктері де жан-жақты қолдау танытқан. Бүгінгі ұрпақ бой түзеп өсер батырларымыздың айбынды бейнелерінің орнатылғанына ел ағалары да өз разылықтарын білдірді.
Ботагөз Мәдібек