Киелі Қазығұрт ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылындағы мешіттің ашылу салтанаты оңтүстіктің игі жақсыларының қатысуымен өтті. Жергілікті азаматтың қолдауымен салынған Жаратқанға құлшылық ететін қасиетті үй ауданда бой көтерген 60-шы мешіт екен. Расында да Қазығұрт ауданында 61 елдімекен бар болса, Бірінші Мамыр ауылындағы мешіт соның 60-шы болып бой көтерген. Бұл киелі мекендегі бұқараның имандылыққа жаппай бетбұрысын көрсетеді. Оның салынуына тікелей жетекшілік еткен жергілікті жерден шыққан азамат, облыста бірнеше аудандардың тізгінін ұстап, басшылық қызметтерді атқарған Исмат Тұрсынқұлов. Айтуынша сауапты істі қолға алғанда алғашқы қадамдардан-ақ жұмыстың оңтайы келген, яғни құрылыс сәтті жүріпті.
Ал облыс орталығынан арнайы келген өңірдің бас имамы Ахметжан Керімбеков мешіт салудың өзіндік шарапаты мол болатынын айтып өтті. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей сәні мен салтанаты жарасқан имандылық ордасының ашылу шарасына облыстың бетке ұстар азаматтары мен аузы дуалы ақылгөй қарттары жиналған. Елді имандылыққа шақырар мешітке осы ауылдан шыққан азамат, көпке белгілі тұлға Тұрсынқұл Салыбайұлының есімі берілді. Ел ағаларының ізгі ниетімен лентасы қиылып, есігі жамағатқа айқара ашылған мешіт 200 орынға лайықталған.