Бүгін Премьер-Министр Түркістанға келді. Рухани астананың тыныс-тіршілігімен және жүргізіліп отырған құрылыстарымен танысты. Асқар Маминнің мақсаты жаңа аймақтағы бағытты біліп, жол сілтеу.Үкімет басшысы алдымен Түркістан облысының жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының құрылыс алаңына барды. Қаланың бас жоспары бойынша ол 7,7 гектар аумаққа салынады. Онда облыс әкімшілігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер үйінің ғимараттары бой көтереді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қаңтар айында басталды. Жоспар бойынша аяқтау мерзімі 2020 жылдың наурыз айы. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамасы 40 пайызға дайын құрылыстың жер қазу және қайта нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Мұнан соң Премьер-Министр қала орталығынан бой көтеріп жатқан 7 мың орындық стадионның құрылысымен танысты. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тапсырысымен салынып жатқан нысанда қоршау, құрылыс алаңын өсімдік қабатынан тазалау жұмыстары аяқталған. Қазір қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аумағы 8,3 га салынып жатқан аумақта 100 адам жұмыспен қамтылған. Аталған алаң келер жылы пайдалануға берілетіні жоспарланған.
Одан бөлек Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамының тапсырысымен салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс алаңына барды. 1 гектар жердің 10 000 шаршы метріне заманауи үлгідегі сәулетті ғимарат тұрғызылатын болады. Құрылыс жұмыстары осы жылдың ақпан айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде құрылыс алаңы қоршалып, жер жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысына 100-ге тарта адам тартылған.
Жалпы, Түркістан қаласы бойынша 8500 тұрғын, облыс бойынша 25 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр. Осыған байланысты аумағы 38 гектар жерге 88 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның 44 үйі 2019 жылы пайдалануға берілсе, қалған 44 үй 2020 жылы ел игілігіне тапсырылады. Барлығы 4 тұрғын үй кешені – «Отырар», «Сырдария», «Арман» және «Сауран». Жалпы 2724 пәтер, 196285 шаршы метр алаңды алады. Бұл құрылыстарды жүргізуде «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС, «Берен» ЖШС, «Шымкент құрылыс» ЖШС және «NK Building» ЖШС қатысады.
Кітапxана, аттракцион, Қожа Аxмет Яссауи музейінің құрылысымен де танысты. Жалпы 15 нысанның құрылысымен танысқан Асқар Мамин барлық әкімдік қызметкерлерін жиып, жиналыс өткізілуде.
«Айғақ-ақпарат».