Еліміз жылына 85 тонна алтын өндіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – әлем бойынша оныншы көрсеткіш. Ал машина жасау саласында ел тариxында алғаш рет теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт іске қосылды. Сондай-ақ Алматы мен Талдықорғанға шығыстан электр желісі тартылып, Қызылорда облысында «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы басталды. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында осы ауқымды жобалар іске қосылды.
Елімізді үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығы аяқталуға жақын. Биылдың өзінде жалпы құны 1,2 триллион теңгеге тең жүзден астам нысан іске қосылды. Сол арқылы жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым, цифрлық қызметтер мен сервистер қалыптасты. Жалпы ауқымды жоба қолға алынған 9 жылдың ішінде отандық өнеркәсіптіктің өрісі кеңейіп, соны серпін алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Халыққа жеткізу керек. Біз жыл сайын телекөпір өткіземіз. Марапаттаймыз. Дұрыс деп санаймын. Алғаш болып тау-кен металлургия кешенінің өкілдері 2 жобаны таныстырды. Шығыс Қазақстан және Қарағанды облысындағы алпауыт компаниялардың алғашқысы жылына 10 тонна алтын концентратын өндіретін заманауи өндіріс қалыптастырса, енді бірі катодты мыс зауытын сынау кезеңінен өтті. Сөйтіп, толық қуатта өндірісін бастады. Айта кетейік, Қазақстан жылына 85 тонна алтын өндіру қуаттылығына шықты. Бұл – әлемдік деңгейде алғашқы ондыққа кіретін көрсеткіш.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Екеуі де өте қажет кәсіпорын. Бакырчык очень слодный. Он производит 44 тонн металлических катод. 85 тонн в стране. В мире мы в десятку входим. Елімізде бұрын-соңды болмаған өндіріс — машина жасау және құрылыс индустриясы да іске қосылды. Бұған Павлодар облысындағы жылына 200 мың тонна теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт құрылысы дәлел. Импорттық өнімдерді алмастыратын кәсіпорында 1000 адам жұмыс істейтін болады. Ал Шымкентте ел тарихындағы ең жоғары кернеулі трансформатор өндірісі жолға қойылды. Сол секілді Қызылорда облысында қазақ-қытай инвестициялық жобасы аясында ірі цемент зауытының құрылысы аяқталды.
Сайдулла Қожабаев, трансформатор зауытының басшысы:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, «Asia Trafo» бұл – инновациялық кәсіпорын. Біз өндірістік қуатымызды арттырып қана қоймай, Орталық Азияда теңдесі жоқ сынақ зертханасын құрдық. Жобаның алғашқы кезеңін аяқтадық. Нәтижесінде Қазақстан тарихында бірінші болып, кернеуі 220, 500 КВ трансформаторлар өндірісін жолға қойдық. Отандық өндірушіні қолдап, алғашқы болып «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұзақ мерзімге тапсырыс берді.
Телекөпір барысында «жасыл» экономика саласындағы жобалар да іске қосылды. Атап айтқанда, қоқысты қайта өңдеу ісін қолға алған Алматыдағы кәсіпорын Алатау бөктеріндегі алып қаланың экологиялық мәселесін де шешпек. Себебі шаһардан шыққан қалдықтар түгелдей өңделеді. Солтүстік Қазақстан облысындағы металл пластикалық бұйымдарын өндіретін зауыт та осы міндетті жүзеге асырады. Сонымен қатар халық тұтынатын тауарлар шығарады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүкіл әлем үшін маңызды. Хорошо что началось в Алматы. Будем получать выгоды. Индустрияландыру бағдарламасы арқылы отын-энергетикалық кешен жұмысы да ілгеріледі. Еліміздің шығысынан оңтүстік өңірлеріне электр қуатын жеткізу мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Телекөпір барысында «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алма» 500 киловольт желісін және Қожасай кен орнында ілеспе газды өңдеу жобасын іске қосты. Энергетика саласындағы тың бастамалар Алматы және Ақтөбе облыстарында жүзеге асты.
Баламалы қуат көздерін дамыту да энергетикалық қауіпсіздікті арттырады. Бұл мақсатта елімізде алдағы 4 жылда 30-дан аса күн, жел және су электр станциясы салынуы тиіс. Егер бұған дейін Жамбыл облысында «Бурное» кешені іске қосылса, келер жылы Маңғыстауда тағы біреуі пайдалануға беріледі. Бұл жолы мұнайлы өлке желден қуат өндіруге бел шеше кірісіп кетті. Президент ауқымды станция құрылысына сәттілік тіледі. Бұдан әрі Елбасы агроөнеркәсіптік сектордағы тың жобаларды іске қосты. Атырау облысындағы индустриалды аймақта жаңа диірмен кешені таныстырылса, Ақмолада Мемлекет басшысының құс фабрикасын салу тапсырмасы орындалды. Бұған қоса, қостанайлық кәсіпкерлер ет өңдеу кәсіпорнын тұрғызды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстандағы ең үлкен сала . Жер кең. Өндіріс ұлғаюы керек. Қаражат көбейеді.
Алматы және Түркістан облыстарында да ауыл шаруашылығындағы жаңа жобалар жүзеге асты. Жетісу өңірі ұн өңдеу, азық-түлік және жартылай фабрикат өндірісімен айналысатын жаңа кәсіпорын жұмысын таныстырса, Қожа Ахмет Яссауи өлкесі түйе және бие сүтін ұнтақ күйінде шығару ісін көрсетті. Бұдан соң, кезек көлік-логистикалық саладағы жобаларға келді. Ел тарихындағы ең ауқымды істердің бірі Сыр өңірінде басталды. Аймақ «Сарыарқа» магистральдік газ құбырының құрылысына кірісті.
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің батысында басталған «Орал-Тасқала» жолын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Су жаңа 100 шақырым сүрлеу Қазақстанның транзиттік әлеуетін де арттырады. Әсіресе, Ресеймен барыс-келіс жақсаруы тиіс. Бұдан бөлек, Алматыдағы үлкен айналма жолы Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттырып, қаладағы көлік кептелісін азайтуға жол ашады.
Мемлекет басшысы Қазақстанды кешенді цифрландыру жобасын да ұдайы назарда ұстайды. Телекөпір кезінде бірнеше отандық компания осы саладағы жаңа жобаларын таныстырды. Солардың қатарында Алматыдағы модем, коммутатор, және автоматты цифрлық телефон шығаратын зауыт та бар. Айта кетейік, еліміз үдемелі индустрияландыру жобасын қолға алған кезеңнен бері 1250 кәсіпорын іске қосылды. 300 мың жұмыс орны ашылды. Әлемнің 110 мемлекетіне отандық өнімдер экспорттала бастады. Алайда бұл – тоқмейілсуге болмайтын көрсеткіш. Президент осы ретте қай сала жұмысына қамшы басу керектігін айтты.
600 миллиард теңге. Елбасы тапсырмасы бойынша алдағы жылдары жеңіл өнеркәсіп және халыққа қажетті тауарлар шығаратын сала жұмысына осынша қаржы қаралады. Осылайша, тәуелсіздіктің 27 жылдығы қарсаңында елімізде 30-ға тарта жоба іске қосылды. Экономиканың барлық саласын қамтитын ілкімді істердің нәтижесі мол болуы тиіс. Себебі, бұған дейін үдемелі индустрияландыру бағытына жұмсалған мемлекет қаражаты толық қайтарылып қана қоймай, өтеуін екі есе арттырды.
Дереккөз: 24.kz.