Жыл аяғына дейін мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін.
Мұндай қорытындыға әлемнің ірі трейдерлері келіп отыр.
Бағаның өсуіне АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары мен Венесуэладағы дағдарыс әсер етуде. Бұл әлем нарығындағы мұнай жетіспеушілігіне әкеп соғуы мүмкін. Яғни тәулігіне бір жарым миллион баррель кем өндірілмек.
Ал ОПЕК елдері, қара алтынды артық мөлшерде шығаруға дайын емес.
Өткен жексенбіде Алжирде ОПЕК және өзге де Энергетика министрлерінің отырысы ұйымдастырылды. Басқосуда АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларына байланысты мұнай бағасының құбылуы жайлы сөз болды. Халид Әл-Фалих, Сауд Арабиясының энергетика министрі: – Алдағы уақытта жағдайдың қалай қалыптасатынын көретін боламыз. Меніңше, келер айда мұнай бағасы қыркүйек айымен салыстырғанда, жоғары болуы мүмкін.
Дей тұрғанмен, сұранысты 100 пайыз орындаймыз деген сенімдемін. Әзірге нарық тұрақты. Бірақ қараша-желтоқсан айларында жағдайға қарай қимылдаймыз деп ойламын. Осыдан төрт жыл бұрын мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан екен.
Егер бұл жағдай қайталанса, онда келер жылы қоймаларда сақталатын мұнай көлемі артуы мүмкін. «Сәйкесінше, бұл мұнай бағасына кері әсерін тигізбек», – дейді сарапшылар.
Сол себепті де ОПЕК тәулігіне 1 млн баррель мұнай өндіруді тоқтата тұрмақ. Өз кезегінде, ОПЕК-тің бас хатшысы Мохамед Баркиндо ұйымға мүше және мүше емес елдерді тиімді әріптестік құруға шақырды.
Олай етпеген жағдайда әлемді тағы да дағдарыс жайлауы мүмкін. Александр Новак, РФ энергетика министрі: – Ойда жоқта санкцияларды салу, сауда соғысы – мұның барлығы да жаһан экономикасына кері ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ нарықты болжауда кедергі келтіреді. Мұндай шешімдер әлем экономикасының өсімін тоқтатады, әрі дүние жүзіндегі энергия қауіпсіздігіне тосқауыл болады.
Жалпы мамандардың пікірінше, 2023 жылға қарай қара алтынға сұраныс былтырға қарағанда, 7 миллион 300 мың баррельге артуы мүмкін. Оған мұнайды тұтынушы елдер экономикасындағы құрылымдық өзгерістер себеп болуы мүмкін.
24.kz