Еліміздің солтүстігі мен шығысына қоныс аударған жерлестерін іздеген «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы 13 күндік сапарға нүкте қойды. Қырық түрлі тағдырға куә болып, батыл қадам жасаған отбасылардың жағдайымен таныстық. Осылардың ішінде ерекше көзге түсіп, ұмытылмастай әсер қалдырған Ақбөпе Сәтбаеваны бүгінгі заманның қаһарманы дерсіз.
Нұрсұлтаны мен Ерсұлтанын жетектеп, Екібастұз қаласына қарасты Шидерті ауылына келген. Жалғыз басты ананың арманы ұлдарын ұлы даланың даңқты ерлері етіп өсіріп, маңдай термен бағып-қағу.
Бойында күші барда қос батырын баспаналы етіп, қатарынан қалдырмай, өмірдің бәйгесіне қосу. Дәл осы арман Ордабасы ауданы Бөржар ауылынан қара алтынның отанына жетелеген. Көңілі толып, дәм-тұзы бұйырған жер шағын ғана Шидерті жері.
Ауылдастары және жергілікті әкімдіктің қолдауымен 2 бөлмелі пәтерді жалдап, тұрып жатыр. 30 жасар ананың қайсарлығы бізді таңырқатты.
Кешегі Зере, Ұлжан, Әлжан аналардың даңғыл жолымен із жалғаған Ақбөпе асықтай ұлдарына мағыналы ой айтып, тәлімді тәрбие беруде. Қиындықты еңсеріп, тағдырдың талай соққысына төтеп берген ананың маxаббаты қос ұлын қайраттандырған. Нұрсұлтаны нұрланып, Ерсұлтаны ержүректеніп өсіп жатыр. Әсіресе, кіші ұлының байсалды мінезі, тәтті қылықтары жүрегіңізді елжіретеді. Қалтасына қолын салып тұрған тұрысына қарасаңыз құдды бір қазақтың Қаракерей Қабанбайы мен Қанжығалы Бөгенбайын елестетерсіз. Түркістанда кіндігі кесіліп, Ертіс-Баян өңірінде өсіп жатқан қос ұландардың басын сипап, өңірден алып барған сыйды табыстадық.
Мегаполис Шымкенттің іргесі Ордабасыдан Екібастұзға барған Ақбөпе Шидерті балабақшасында тәрбиеші. Өз баласымен қатар өзгенің баласына қазақтың тілі мен салт-дәстүрін бойына сіңіртіп, тәрбие беріп жатыр. Сағы сынбай, руxы мықты болған жерлесіміздің еңбектегі жетістіктері асу-асу бел асып жеткен біздердің текке жүрмегендгімізді сезіндірді.
Шығысты шыр айналып, Керекуді кезген біздер 6000 шақырым жолды еңсердік. Сан түрлі тағдырмен қоныс аударғандардың тыныс-тіршілігін көріп, сапардан салиқалы ой түйдік. Қазақстандықтар қай жердің түкпірінде болмасын бақытты өмір сүруге һақысы бар.
Бағлан Байкөбекқызы,
Тоғжан Нарбай.