Теңге бағамына қандай фактор әсер етті? | "Айғақ" ақпараттық порталы
tege-baam

Теңге бағамына қандай фактор әсер етті?

Америка Федералды резервтік жүйесі экономиканы тұрақ­тандыру саясатын қатаңдатуға кірісті. Бұл өзгеріс бірқатар елдің ұлттық валютасының ішінара құлдырауына алып келді. Қазақстан да бұдан қалыс қалған жоқ.

Ұлттық валютамыз тең­генің 1 АҚШ долларына шақ­қан­дағы бағамы мамыр айы­ның соңында 325 теңге болса, бұл көрсеткіш тамыз айы­ның басында 350-ге бірақ жетті. Теңгенің бұлай күрт құнсыздануына әлемдік және аймақтық экономикалық ахуал әсер еткен. Бұл туралы қаржыгер, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев кеңінен айтып берді.

−АҚШ-тың Орталық банкі саналатын Федералдық қор жүйесі (ФҚЖ) қайта қаржы­ландыру дәрежесін белгілейтін базалық мөлшерлемесін 1,75-2 процентке дейін жоғарылатып отыр. Бұл қадамнан кейін әлемдік ірі инвесторлар жаппай дамушы елдердегі облигацияларын сатып, оның орнына АҚШ-тың бағалы қағаздарын сатып алуға кіріскен. Соның әсерінен долларға сұраныс артып, көптеген мемлекеттердің валюталары құнсыздануда. Әсіресе Еуропа елдерінің, Түр­кия­ның валюталары долларға байланысты төмендеп отыр, – деді экономист.

ФҚЖ базалық мөлшер­ле­ме­сінің өзгерісінен кейін дамушы елдердің, оның ішінде Арген­ти­наның песосы – 36,3, Түрік лирасы – 28, Оңтүстік Африка рэнді – 13,6, Бразилия реалы – 13,3, Ресей рублі – 10,5, Қазақстан теңгесі – 9,9, Қытай юані – 8,9, Индонезия рупиясы – 5,5, Үндістан рупия­сы – 5,4, Мексика песосы 2,5 процентке құлдыраған.

Өз кезегінде Ұлттық банк теңге бағамының күрт өзге­руінен кейін мәлімдеме жасап, бұл өзгеріске әлемдік про­центтік мөлшерлемемен қатар мұнай бағасы, өзара сау­да жасайтын елдердің валюта бағамдары, төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі мен Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің де ықпалы барын назарға алады.

− Мұнай бағасының бір­шама қымбаттауы Қазақ­станның төлем балансының ағымдағы шот көрсеткішінің оңтайлы болуына негізгі себеп. Ал төлем балансының ағым­дағы шот көрсеткіші сауда балансы – экспорт пен им­порт және қызметтер балан­сына да байланысты. Сон­дықтан экспорт көлемі артқаны экономикаға оң әсер етіп, теңгеміз 2016 жылғы қаң­тар айындағы көрсеткішке, яғни 1 доллар 370 теңге бол­ған көрсеткішіне дейін түс­кен жоқ. Сонымен қатар ұлт­тық валюта бағамына әсер ететін тағы бір фактор, Ресей мен Қытай валюталарының жағдайы, аталған елдермен сауда байланысының артуы, – деді С. Жобаев. Оның айтуынша, соңғы уақытта халық пен кәсіпорындар тарапынан долларға сұраныстың артуы да орын алған жағдайға ықпал етіп отыр. Мысалы, қазақстандықтар жазғы маусымда демалу үшін шетелге шығады. Алдымен қолда бар теңгелерін АҚШ долларына ауыстыратыны түсінікті. Ал елдегі кәсіпорындар ай соңында шетелдік инвес­торларға доллардағы диви­денд­терді төлеу үшін АҚШ долларын сатып алады.

− Соңғы үш-төрт күнде теңге бағамы 1 долларға 349,7 теңге шамасында болып тұр. Елдегі қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк алтын валюта қорынан (30 млрд доллар) валюталық ин­тервенция жасап, ашық нарықтағы операциялар арқы­лы ноталарын шығарып, эконо­микадағы ақша массасын рет­теуге күш салуы керек деп есеп­теймін, – деді экономист.

Федералдық қор жүйесінің экономиканы тұрақтандыру саясатын қатаңдатуға бағыт­талған бастамасынан кейін ше­телдік инвесторлар Қазақ­станнан 900 млн долларды құрайтын құнды қағаздар нары­ғынан шыққан. Ендігі болжам­ға сүйенсек, дамы­ған елдер­де, әсіресе Еуропалық инвес­тор­лардың ынта-ықы­ласы АҚШ-тың «көк қағазына» ауып, бұл елдің әлемдік эконо­ми­кадағы ықпалы арта түспек. Өз кезегінде Ұлттық банк бұл жағдайдың тиімділігін алға тартып, елдегі долларсыз­дандыру процесі артатынын ашық білдіруде.

Еgemen.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!