01

Оңтүстіктен Солтүстікке биыл 900-дей отбасы көшуді жоспарлап отыр

Оңтүстіктен Солтүстікке  биыл 900-дей отбасы көшуді жоспарлап отыр. Мемлекет қолдауымен қолға алынған бағдарлама бойынша өткен жылы 250 отбасы қоныс аударған болатын. Сөйтіп теріскейдегі елге ел қосылып, жұмыс күші толықтырылды. Осындай жетістікке көңілі толған солтүстіктегі аймақ өкілдері биыл халқы тығыз орналасқан Мақтарал жұртымен кездесіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Серпін» — елге серпін беретін жоба. Елбасы Жолдауындағы еңбек нарығын дамыту бойынша қолға алынған іс осылайша қарқын ала бастады.

«Мақтарал өңіріміздегі халқы тығыз аудан болғандықтан, кездесуді осы аумақтан бастадық. 3 күндік өңіраралық семинар өткізіп, соңы жәрмеңкеге ұласты. Аймақаралық экономикалық қарым-қатынасты арттыру үшін делегация құрамында бизнес өкілдері де келіп отыр. 636 жұмыс беруші бас-аяғы 1785 бос жұмыс орнын ұсынуда», — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Мақтаралда бүгінде 350 мыңға жуық халық тұрады. Соның 8 мыңдайы жұмыссыз. Ал, тұрғын үй кезегіне 300 азамат тіркелген. Сондықтан шалғайдағы аудан тұрғындарына Солтүстікке көшу тиімді болмақ.

«Ауданда жылына он мыңға жуық сәби өмірге келеді. Үй берсе, әрине барады. Ол жақ аграрлы аймақ болған соң, осы бағыттағы жұмысшылар өте қажет. Сондай-ақ, мұғалімдер, денсаулық сақтау салаларында да маман тапшы екен», — дейді Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова.

Солтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпкерлер болса, жеке шаруа қожалықтарына жұмысшылар тапшы екенін айтып отыр. Әсіресе, мал бағып, төрт түлікке күтім жасайтын шаруалар қажеттілігі туындаған.

«Малды бағып, оның сүтін, етін сатамыз. Үймен қамтамасыз етеміз. Азық-түлігі тегін. Екеуара келісіп, несиеге өзіне де мал алсын. Сөйтіп, қора бар, жай бар. Екеумізге де жетеді. Малын көбейтсін. Айлық төлейміз», — дейді жеке кәсіпкер Ерлан Дүйсенов.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!