dombra

Түркістан облысында бір уақытта 3000 домбырашы күй орындады

Елбасы шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында бір мезетте 1000 домбырашы күй орындады. «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен өңіріміздің аудан, қалаларының домбырашылары қатысты. Сондай-ақ аталған шара қалалық мәдениет үйінде дәулескер күйші Төлеген Момбековтің 100 жылдығына арналған «Күй құдіреті» облыстық күйшілер байқауына ұласты.

sequence-01-still004

Түркі дүниесінің  орталығына айналған киелі Түркістан қаласында өткен «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде 1000 домбырашы Құрманғазының «Сарыарқа»,«Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындады. Бұдан бөлек, барлық аудан, қалаларда бір мезгілде домбырашылардың флешмобы ұйымдастырылды. Осылайша жалпы саны 3 мыңнан астам домбырашы ұлттық өнерді дәріптеді. Сондай-ақ домбыра күні мерекесінің ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков барша тұрғындарды осынау мерекемен құттықтады.

sequence-01-still002

Биыл Елбасының  Жарлығымен жарияланған «Ұлттық домбыра» күнін түркістандықтар кең көлемде атап өтті. Ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салатын бұл мереке  қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесімен өз жалғасын тапты.

Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи кесенесі алдында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестірінің концертімен жалғасса, мерекелік күн «Күй құдіреті» күйшілердің облыстық байқауымен қорытындыланды. Шараны Түркістан облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханұлы құттықтау сөзбен ашып берді. Байқауға 16-30 жас аралығындағы 26 үміткер қатысып, екі кезең бойынша, яғни Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің күйлерін, екінші кезеңде «Оңтүстіктің 100 күйі» жинағы мен Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығын орындауда.

sequence-01-still003

Күйшілер мекені саналатын Түркістан облысынан Сүгір Әліұлы, Ергентай Борсабаев, Жаппас Қаламбаев, Файзулла Үрмізов, Генерал Асқаров, Жанғали Жүзбаев сынды көптеген күйшілер шыққан. Бүгінде сол өнер майталмандарының ізін басып жас буындар өсуде.

sequence-01-still006

Атадан мирас болып келе жатқан төл өнерді жаңғырту, күй құдіретіне бас иіп, домбыра үнімен сыр шертіп, сайын дала тілін күмбірмен жеткізген атақты күйшілердің шығармаларын  кеңінен насихаттау, аспаптық музыканы тереңірек таныстыру арқылы жастардың эстетикалық болмысы мен танымын қалыптастыру, қызығушылығын арттыру бүгінгі күннің басты міндеті. Сондықтан да күй құдыретімен елдің рухын асқақтата білейік.

Жансая ЕЛЕМСЕОВА.

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!