Құқық қорғау органдарының қызметіне цифрлы технология дендеп ене бастады.
Қостанайда жақында қылмысты істерді тергеу процесі электронды жүйеге көшірілді. Жаңа жобаның артықшылығы көп. Айғақтарды жинау, құжаттарды толтыру жұмысын жеңілдетіп, тергеу материалдарын бұрмалау ықтималдығын азайтады. Электронды бағдарлама қылмысты істі тіркеуден бастап сот үкімі орындалғанға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мүдделі тараптар тергеу барысын онлайн режимі арқылы бақылай алады. «Бағдарлама жоғары деңгейлі қорғаныс жүйесімен жарақталған. Сондықтан бөтен біреудің электронды базаны ашуы мүмкін емес», – дейді мамандар. Жаңа жобаның арқасында тергеу мерзімі 4 есеге дейін қысқарған. Болашақта қылмысты істерді қараудың электронды жүйесімен облысты толық қамту көзделіп отыр.
Арон Алматов, ОІІД басқарма басшысының орынбасары:
– Тергеушілердің, анықтаушылардың тікелей бастықтары жүргізілген тергеу әрекеттердің толықтығын, сапасын, тергеу әрекеттерінің уақытылы жүргізілуін тікелей қадағалай алады. Және осы тергеу әрекеттерінің сапасына өзінің әсерін тигізу мақсатында жазбаша электрондық нысанда нұсқаулар беріп, осы нұсқаулардың уақытылы орындалуын қадағалау мүмкіндігі бар.
Дереккөз: 24.kz.