31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Кеңес Одағы тұсында коммунистердің солақай саясаты салдарынан миллиондаған адам жазықсыз жапа шекті. Олардың ішінде қазақ елінің көрнекті ұлдары –Алаш арыстары да болған. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық әлі ата-баба қасіретін ұмытар емес. Шаһарымыздағы «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын өтті.
31 мамыр — бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн.Жаппай қуғын-сүргін бұрынғы Кеңес Одағының бірде-бір халқын айналып өткен жоқ. Қазақстанға әр жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасылары, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы жер аударылды. Бұл жылдары барлығы 1 млн. 500 мың ұлт өкілдері жер аударылған. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан қазақ халқы еріксіз жер аударылған бауырластарымызды жылы қабылдап, соның нәтижесінде тоталитаризмнің қанды шеңгеліне бірлесе төтеп берді.
Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болған.Шарға жиналған жұрт әуелі «Ана мен бала» ескерткішіне гүл қойды. Қаралы жиын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, бір минуттық үнсіздіктен басталды.