nazerke-nurgali

Қазақ қызы шахматтан әлем чемпионы атанды

Қызылордалық шахматшы Назерке Нұрғали Дуррес (Албания) қаласында өткен шахматтан 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында Әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Албанияда оқушылар арасындағы әлем чемпионатына 40 елден 420 спортшы жүлделерді сарапқа салды. Айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медальдарды иеленді.

Чемпионат барысында жерлесіміз Назерке Нұрғали швейцар жүйесі бойынша классика түрінен 9 турдан 8 ұпай жинап, Әлем чемпионы атанды.

Назерке Нұрғали – облысымызда, елімізде шахматтың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан жас спортшылардың бірі. Ол 2004 жылы 7 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда №136 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің 9-сыныбында оқиды. Шахматпен 6 жасынан бастап шұғылданған Назерке №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады.

Жетістіктеріне келетін болсақ, шахматтан 9 дүркін ҚР жеңімпазы, ФИДЕ шебері, 2014 ж. Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Ташкент), 2015 ж. Азия чемпионатының қола жүлдегері (Оңтүстік Корея), 2015 ж. оқушылар арасында Азия чемпионы (Сингапур), 2016 ж. Азия чемпионы (рапид), күміс жүлдегері (классика), 2015 ж. оқушылар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Тайланд), 2017 ж. Азия чемпионатының қола жүлдегері (Ташкент), 2017 ж. оқушылар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Румыния), 2018 ж. Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Тайланд), 2018 ж. оқушылар арасында Әлем чемпионы (Албания).

Назеркенің жаттықтырушысы Василий Шмелковтың айтуынша, ол тамыз айында Моңғолияда Азия чемпионатына, қыркүйекте Түркияда Әлем чемпионатына қатысады. Аталған жарыстарда Назерке 20 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түседі.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!