2017 жылы Қазақстаннан шамамен 10 мың заңсыз мигрант шығарылған, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев.
«Қазақстан геосаяси жағынан Азия мен Еуропа құрлықтарының жолында орналасқан, ҚР аумағы арқылы заңсыз мигранттардың келу қаупі жоғары, соған байланысты трафикті реттеу шаралары күшейтілді. 2017 жылы 110 мың заңсыз мигрант әкімшілік жауапқа тартылды, 10 мыңға жуығы шығарылды, 30 мың шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды», — деді Е.Тұрғұмбаев бейсенбі күні заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі ҰҚШҰ Үйлестіруші кеңесінің XXI отырысы барысында.
Сонымен қатар, ол атап өткендей, бір мемлекет аясында ұйымдастырылған заңсыз трафиктің жолын кесу өте қиын, сондықтан ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің көші-қон және шекаралық қызметтерімен ортақ жұмыс жүргізу маңызды.
Өз кезегінде ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары Валерий Семеряков атап өктендей, жыл сайын ҰҚШҰ елдерінен мигранттардың келуі артқан.
«Сонымен, 2014 жылы Ауғанстан аумағынан ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің аумағына жалпы саны 10,8 мың мигранттың келуі тіркелген, 2017 жылы «Нелегал» операциясы барысында 23,4 мың адам тіркелген. 2014 жылдан бері біз Сирия, Иран, Ливан аумақтарынан келетін босқындардың жеке есебін жүргізуді бастадық, жыл сайын бұл елдерден орта есеппен 30 мыңнан астам адам келеді, 2017 жылы шамамен 35 мыңдай адам келген. Көбі транзитпен келеді, солардың ішінде қалатындары, босқын статусын алып, сол елдің көші-қон заңнамасына сәйкес тұрғылықты жерге ие болатындар бар», – деп мысал келтірді В.Семеряков.
Сондай-ақ, ол атап өткендей, «көші-қон легін пайдаланатын мигранттардың бәрі бірдей біздің ел аумағына жақсы ниетпен келмейді».
ҚР көші-қон қызметінің ақпарынша, жыл сайын Қазақстанға 5,5 млн шетелдік келеді, 2,5 млн оқу, жұмыс, отбасы жағдайларымен, емделуге қалады. Ал шамамен 3 млн транзитпен жүреді.
Дереккөз: ҚазТАГ.