Оңтүстікқазақстандық 72 отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды. Яғни, Шымкент қаласындағы «Тұлпар» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, баспана кезегінде тұрған отбасылар шаттыққа кенелді. Аталмыш нысан «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған. Өткен жылы құрылысы басталып айналасы 8 ай ішінде пайдалануға берілген жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, қуанышқа ортақтасты.
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл бағытта тек ОҚО-ның өзіне биыл жеке салымшылар есебінен 104 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 16 тұрғын үй жоспарлы түрде пайдаланылуға берілді. Солардың бірі Тұлпар мөлтек ауданындағы 1,2 және 3 бөлмелі «Тұлпар»тұрғын үй кешені. Ауданы 39-68 шаршы метрді құрайтын сапалы, заманауи деңгейде салынған пәтерлер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша берілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа қоныс иелерінің қуанышымен бөлісіп, әр отбасыға тыныштық тіледі.
Бүгінде жеке инвесторлар «Бес әлеуметтік бастама» нәтежиесінде облыста тұрғын үй құрылысын салуға қызығушылық танытуда. Сондықтан айтулы шараға тұрғын үй бағытында жұмыс жасайтын еліміздегі екінші деңгейлі банк өкілдері де арнайы келген. Олар тұрғын үймен қамту ісіне біршама жеңілдіктер ұсынып отыр. Яғни, алдағы уақытта осындай 7%-дан аспайтын аз мөлшердегі үстемемен сатылатын жаңа қоныстар санын көбейтіп, халықты баспанамен қамту мақсатында көптеген жобалар іске асырылатын болады.
Шымқаланың көркін толықтырған «Тұлпар» тұрғын үй кешенінен Досжановтар отбасына да 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Өздерінің тұрақты баспаналарының болғанын армандайтын отбасы бүгінде өз армандарына қол жеткізіп отыр. Үй аумағында Зообақ, емхана, балабақша, дүкен және мектеп орналасқандықтан, өте қолайлы жер деп өз таңдауларын осы үйге жасаған.
Аруна ПЕРНЕБЕК.