18 сәуір күні ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әскерінде бірқатар тағайындаулар жасады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қайдар Сәмиғұлұлы Қарақұлов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды, ол «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылды; Дулат Темірғалиұлы Адырбеков «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне; Асқар Ахметұлы Жоламанов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Зымыран әскерлері мен артиллериясының қолбасшысы қызметіне; Сәкен Мансұрұлы Бекжанов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметіне тағайындалды», — деп хабарлады сәрсенбіде Ақордадан.
Басқа қызметке ауысуларына байланысты Алмаз Дженишевич Джумакеев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы қызметінен; Лұт Сапуұлы Әлшекенов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Зымыран әскерлері мен артиллериясының қолбасшысы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының оқ атумен зақымдау жөніндегі орынбасары қызметінен; Жандарбек Сәдуұлы Жанзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылды.
ҚазТАГ