Бүгiн Үкiмет сағатында ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов республикадағы көшi-қон бақылауын қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады, деп хабарлады Baq.kz.
Министрдiң айтуынша, елiмiзде халықаралық стандарттарға сай келетiн жаңа миграциялық саясат қалыптасқан.
«Шетелдiк жұмыс күшiн тарту квота беру механизмi арқылы жүзеге асырылады. Үкiмет шетелдiк кәсiби жұмысшыларға квота бекiтедi. Бұл мамандар құрылыс, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда жұмыс жасайды. Сонымен қатар, заң бойынша нақты инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн шетелдiк кәсiби жұмысшыларды квотасыз және рұқсатсыз тартуға мүмкiншiлiк бар. Әр мемлекет азаматтарының елiмiзге келу және тiркелу рәсiмi әртүрлi. Қазақстанға кiру үшiн олардың көбiне виза керек. 19 елмен жалпы азаматтық паспортпен визасыз кiру тәртібі туралы келісім жасалды. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ елдерi де бар. 45 елдің азаматы 30 күнге дейін виза рәсімінен және тіркелуден босатылған. 2016 жылдан бастап Қытай азаматтарының Қазақстанға топтық туристік сапарларын жеңілдету туралы меморандум күшiне ендi», — дедi Қасымов.
Министрдiң айтуынша, шетелдiк инвесторлар үшiн ерекше жағдай жасалды. Инвесторлық виза үш жылға берiлетiн болды. Инвесторларға елiмiздiң көшi-қон қызметiне тiркелу талап етiлмейдi.
«Соңғы жылдары бiз шетел азаматтарын тіркеу рәсімін біршама жеңілдеттік. Экономикасы дамыған және саяси тұрақты 56 елдің азаматтары шекарадан өткен бойында кеден қызметіне тіркеле алады. Бұл оларды миграция қызметіне келіп, тіркелуден босатады. Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәжікстан елiнiң азаматтары ерекше мәртебеге ие. Олар шекарадан өткеннен бастап 30 күнге дейін тіркелуден босатылады. ЕАЭО елдерінiң азаматтарына біздің елiмiзде жұмыс істеуі үшін рұқсат керек емес. Өткен жылдан бастап шетел азаматтарын қабылдайтын барлық заңды және жеке тұлғалар оларды «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеуге мүмкіндік алды», — дедi Қалмұханбет Қасымов.