Әсет Исекешев Астана әкімдігінің қызметкерлері бірінші жартыжылдықта қызметтік автокөліктермен жүруді доғаратынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Астанада өткен кәсіпкерлер конференциясында сөз сөйлеген Әсет Исекешев елордадағы бизнес дамуының оң көрсеткіштерін атап өтті.
«ЕХРО үлкен рөл ойнағаны белгілі. Қазір бизнес үшін жаңа белестер тұр, біз ол жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Бизнес үшін 1 000 орын бағдарламасы бойынша 640 орын бизнеске берілді. Осы жылы біз жеткілікті деңгейде ірі тағы 150 алаң дайындап қойдық. Мамыр айында аукцион өтеді, біз оны блокчейн бойынша жасаймыз, барлығы әділ болады», — деді әкім.
Ол мемлекеттік сатып алулар саласын жеке бизнеске көшіру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатқанын айтты. Бұл жерде қала басшысы осы жұмыс аясында әкімдік қызметтік автокөліктерден бас тартуды жоспарлап отырғанын түсіндірді.
«Жоспарлағанымыздай, қазір сәуір айынан бастап жұмыстарға кірісуге болатыны жөнінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заңға өзгертулер енгізілді, қаладағы смарт-жарықтандыруды МЖС бойынша толық ауыстыруға, бірінші жартыжылдықта автомобильдерден бас тарту – көлік қызметтеріне көшуге үлкен конкурс жариялап жатырмыз», — деді Әсет Исекешев.