Түлкібас ауданынан облыстық мəслихат депутаттығына сайланған халық қалаулысы Өркен Есей Түлкібас ауданы Састөбе поселкесінің тұрғындарымен кездесіп, Елбасының бес əлеуметтік бастамасы атты Үндеуін талқылады.
«Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады.
Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.
Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді. Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық!» — деп Мемлекет басшысы мәлімдеген болатын. Осыған орай облыстық мəслихаттың депутаты Өркен Есей Елбасының бес әлеуметтік бастамасын зор ризашылықпен қабылдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға әрдайым дайын екендігін атап өтті.
Кездесу Састөбе поселкесіндегі мəдениет үйінде өтті. Жиын барысында тұрғындардың талап тілегі де тыңдалып сауалдарына жауап берілді.
Кездесуден соң облыстық мəслихат депутаты Өркен Есей Састөбе поселкесінде жүріп жатқан 32 пəтерлі екі тұрғын үйдің құрылысымен де танысып шықты.
Аталмыш нысан құрылысы сəуір айында басталған. Жобалық құны 560 млн. тенгені құрайды. Ал, тапсырылу мерзімі 2018 жылдың қазан айына жоспарлануда.