Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғайып, 2018 жылдың аяғында 2,6 трлн теңгені құрайды. Бұл жөнінде бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің болжамын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бірінші, 2017 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Нақты өсім төрт пайызды құрады. Екінші, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 4 пайызды құрады. Үшінші, 2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы 1 барреліне 45 АҚШ долларынан 55 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Металдардың баға индексі 0,4 пайызға көбейді. Төртіншіден, АҚШ долларына қатысты теңгенің есептік бағамы 340 теңге деңгейінде сақталды. Осылайша, 2017 жылы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты ЖІӨ өсуі 3,8 пайыз деңгейінде күтілуде. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9200 АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Өнеркәсіптің өсуі 3,3 пайызға дейін артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінде күтілетін аса жоғарғы өсіммен байланысты. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономика өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт 34 АҚШ долларына дейін артады. Инфляция бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде сақталады», — деді министр.
Тимур Сүлейменов түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланғанын айтты.
«Кірістер, трансферттерді есепке алмағанда, 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтан және шикі мұнайға экспорттық кеден бажының үстемелерінен қамтамасыз етіледі. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бұрын бекітілген мөлшерде сақталды. Нысаналы трансферттер тарту қарастырылмаған. Бюджет тапшылығы 2017 жылғы бюджет қалдығын тартуды ескере отырып, жалпы ішкі өнімге қатысты 1,5 пайызды құрайды. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғаяды, 2018 жылдың аяғында 2,6 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр. Бұл ЖІӨ қатысты 34,7 пайызды құрайды», — деп түйіндеді ҰЭМ басшысы.
Дереккөз: Baq.kz