Бүгiн Үкiмет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов жекешелендірудің кешенді жоспарының ағымдағы орындалуы және 2017 жылдың қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«2017 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйыммен толықтырылды. Президенттің тапсырмалары мен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алынып тасталды. Қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспары 902 объектіні қамтиды. 2017 жылғы өсімі 122 компанияны немесе 15,6%-ды құрады. Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 объект сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 объект 164,7 млрд теңгеге сатылды. Бұдан басқа 255 объект қайта ұйымдастыру және таратылу сатысында. Тұтастай алғанда қайта ұйымдастырылған және таратылған объектілер ескерумен жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 70%-дан астам болып отыр», — дедi Сүлейменов.
Министрдiң айтуынша, 2017 жылы 461 объект сатуға жоспарланған болатын. Жоспар 97%-ға орындалды. 289 объект сатуға қойылып, оның ішінде 107,9 млрд теңгеге 190 объект сатылды. Жүргізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша 2017 жылы өткізілмеген 10 объект әлі сатылған жоқ, олар 2018 жылдың соңына дейін сатылады. 162 объект қайта ұйымдастырылды және таратуға жатады.
«190 объектінің 77-сі (республикалық меншік бойынша – 3, коммуналдық меншік бойынша — 39, ұлттық холдингтердің активтері бойынша – 9, ӘКК — 26) аукцион арқылы өткізілген. Оның ішінде бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Тендер өткізу арқылы 107 (республикалық меншік бойынша – 11, коммуналдық меншік бойынша — 90, ұлттық холдингтердің активтері бойынша – 2, ӘКК — 4), тiкелей атаулы сату арқылы 3 объект және екі кезеңдік рәсімдер конкурсы арқылы 3 объект сатылды», — дедi Тимур Сүлейменов.