«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің ұжымы Ауғанстанда соғысқа қатысқан жауынгерлерге құрмет көрсетті. Жылдағы дәстүр бойынша қаламыздағы Абай саябағындағы Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан азаматтарды еске алды.
Бүгінде мұнай өңдеу зауытында қызмет атқаратын 14 ардагер бар. Серіктестік облыстағы жергілікті соғыс ардагерлері мен марқұм болған жауынгерлердің жанұяларына ұдайы қолдау танытып келеді. 1979-1989 жылдары аралығында Ауғанстандағы жауынгерлік міндетін абыроймен атқарғандардың да зауыт ұжымына айтар алғыстары шексіз.
Зауыт әкімшілігі ардагерлер үшін әскери –патриоттық іс шаралар, сондай-ақ оларды ардақтау мақсатында кездесу кештерін өткізіп тұрады. Мерейлі күнге орай ұйымдастырылған кезекті басқосуда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің ұжымы мереке иелеріне арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпаттарын үлестірді.
Өз кезегінде облыстық «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігі ерлікті ескерген зауыт қызметкерлеріне арнайы төсбелгі тақты.
Жомарт БЕГІМБЕТ