Алдағы уақытта елімізде орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесі енгізілмек.
Бұл туралы бүгін Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев хабарлады. Ведомство өкілдері Мәжіліс депутаттарына таныстырған заң жобасы аясында қызметтің осы түрін министрліктің Мемлекеттік сатып алу комитеті базасында құруды ұсынып отыр. Ал квазимемлекеттік секторда аукцион өткізу тәсілдері қайта қаралатын болады. Мәселен, демпингке шектеу қою, адал бәсекелестікке жағдай жасау, тауардың бағасынан бұрын сапасына мән беру, жемқорлықтың алдын алу сияқты шаралар қолға алынбақ.
Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Электронды формат болғаннан кейін бұл жерде ешкім кіре алмайды оған, өзгеріс енгізе алмайды. Жеке түрде өзара әр ауылдың әкімі өзінің қаржысын тиімді пайдаланып отыр. Енді жаңағы өзінің канцелярлық болсын басқа да мына тиімді мөлшердегі ақшаларының көп көлемде болмағандықтан, көптеген бизнесмендер қатысады да демпинг жасап жібереді.
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры:
— Ауылдық жердегі әкімдерге және арзан тұратын заттарға біз қазір оның мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткіш дейді, 100 мрпымыз 240 мың теңге. Оны біз 1 млн 200 мыңға дейін көтеріп отырмыз. Егер зат 1 млн 200 мың теңгеден аспайтын болса, ол өздері сатып алушылар жақсы, сапасы жоғары тауарларды алуға мүмкіндігі болады.
Дереккөз: 24.kz