Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бұйрығымен Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы және «Оңтүстік Қазақстан облысы» орталық мешітінің Бас имам болып тағайындалды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан жұма намазында мешіт ұжымы мен жамағатқа жаңа өкіл имамды таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді.
Осыған дейін ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы қызметін атқарған Керімбек Ахметжан Пірәліұлы бірінші наиб имам және іс басқарушы болып тағайындалды. Оның атқарған қызметіне құрмет көрсетіліп, қазақы салтпен иығына шапан жапты.
Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы, 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1992 жылы Өзбекстан Республикасы Әндіжан қаласы «Сайд Мухиддин Махдум» медресесінде білім алған. 2012 жылы «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті» «Философия және саясаттану» факультетінің «Дінтану» мамандығы бойынша магистранты. «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің PhD докторанты;
Еңбек жолын 1996-1998 ж. Сарыағаш ауданы, Түмен ата мешітінің бас имамы, 1998-2005 жылдары аралығында ОҚО Сарыағаш ауданы, М.П.Окороков атындағы орта мектептің араб тілі мұғалімі, ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің референті, Алматы қаласы, Нұр Мүбарак мешітінің Бас имамы, 2005 жылдың сәуір айынан Астана қаласы С.Ғылмани мешітінің Бас имамы, 2013 жылдан бастап Алматы қаласы орталық мешітінің наиб имамы қызметтерін абыроймен атқарған. 2014 жылдың қаңтар айынан бері ҚМДБ-ның діни білім және ғылым (қазіргі таңда діни білім және кадр дайындау) бөлімінің меңгерушісі лауазымында болған.
Біліктілікті арттыру курстары:
«Білім мен біліктілікті жетілдіру курсы» (ҚМДБ, Астана қаласының өкілдігі, 2012), «Зайырлы мемлекет және дін» (Астана қаласы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2012), «Біліктілікті арттыру курсы», (Алматы қаласы, «Нұр-Мүбарак» университеті, 2014), «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа форматтағы педагогі» тақырыбындағы оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы (Астана қаласы, 2017).
100-ге жуық әртүрлі діни-ағартушылық,танымдық тақырыптағы мақалалардың авторы.