2018 жылғы 18 қаңтарда сағат 10.30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Самара-Шымкент» автожолынан 1068 шақырым, Қалыбай кентінен 10 шақырым жерде қозғалыс кезінде «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы жанды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Р.Иманқұловтың айтунша, салонда 55 жолаушы және 2 жүргізуші болды. Азаматтығы анықталуда.
ҚР ІІМ ТЖК Апаттар медицинасы орталығы күрежол медициналық-құтқару пункттері қызметкерлерінің күштері автобустан шығып үлгерген 5 жолаушыға медициналық көмек көрсетуде.
Қалған 52 адам оқиға орнында көз жұмды.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб орнатылды. Психологиялық қызмет қауырт желі жұмысы ұйымдастырылды.
«Қауырт желі» телефондары: +7 7132 56-29-62, +7 7132 56-68-85.
Оқиға орнында полиция бөлімшелері, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, психологтар жұмыс істеп жатыр.
Сурет: Tengrinews.kz