Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау мақсатында Қазақстан Инженерлі-Педагогикалық Халықтар Достығы университетінде жиын өтті.
Елбасы Жолдауында: «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер — әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік», — деген болатын. Ал мұндай мүмкіндіктің тетігі «Жаңғыру.3.0» бағытымен байланысты. Бұл үшін Елбасы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды тапсырды. Әлемдік «Индустрия.4.0» Автоматтандыру, кибер-физикалық даму арқасында біршама озық елдер «Төртінші индустриялық революцияны» бастап отыр.
Жолдауды насихаттау мақсатында облыстық мәслихаттың депутаттары Рабиға Қуатбекова, Саттар Қуашбай, Дулат Әбіштер оқу орнының оқытушы-профессор құрамымымен кездесті.
«Индустрия 4.0» деп аталатын революцияның төркіні Германияға тиесілі деушілер де бар. «Индустрия 4.0» — жаңа заманғы нұсқаны ғана емес, индустрияның жаңа ғасырын да білдіреді. Нақтылай айтсақ, «Индустрия 4.0» атауы бизнесмендер, саясаткерлер мен ғалымдар басқарған 2011 жылғы бастамадан алған екен. Олар бұны Германияның өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін кибер-физикалық жүйелерді (Cyber-Physical System) зауыт процестеріне қарқынды шоғырландыру арқылы арттыру құралы ретінде анықтаған. Көптеген елдердің үкіметтері кибер-физикалық жүйелерді ұлттық мүддені қорғау үшін аса маңызды деп санап, инновацияның басым тізіміне енгізді.
Суретте: Сапарбек Сахов — тарих ғылымының кандидаты, доцент.
Сонымен, қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдерінде «Индустрия 4.0.» тұжырымдамасын енгізудің орташа және ұзақмерзімді бастамалары қабылданған. Бұлар жоғарыда айтылған Германияда — «Industrie 4.0», Францияда — «Industrie du Futur», Оңтүстік Кореяда — «Manufacturing innovation 3.0», Үндістанда — «Make in India», Испанияда — «Industria Conectada 4.0», Жапонияда — «The New Robot Strategy», Италияда — «Manifattura Italia», Ресейде — «Ұлттық технологиялық бастама». Қытайда — «China Manufacturing 2025» және тағысын тағылар. Бұған ұқсас Еуразиялық Одақта «Factory of the future», АҚШ-та «Advanced manufacturing partnership», Германияда «Mittelstand 4.0» бағдарламалары да қолданылады. Осылардың аясында өңдеу өнеркәсібі мен басқа да экономиканың салаларында технологияның жаңа даму перспективалары қолдау тауып, таныла бастады.
Айтып өтейік, жиын барысында облыстық мәслихат депутаттары Қазақстан Инженерлі-Педагогикалық Халықтар Достығы университетінің ректоры Қуатбеков Әбдімұса Мұратұлымен кездесіп, оқу орнының тынысы туралы әңгімелесті. Әбдімұса Қуатбеков — химия ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану және Ресей педагогикалық және психологиялық ғылымдар академияларының академигі, П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты.