Елбасының халыққа Жолдауындағы міндеттерді іске асыру үшін шамамен 70 млрд теңге қаражат керек.
Бірақ нақты сома ұлттық жоспар әзірленген соң белгілі болады. Бүгін бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазір республикалық және жергілікті бюджеттің қалдықтары 225 млрд теңгеден асады. Бұл сомма ағымдағы жылы бюджетті нақтылауға және Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға бағытталады.
Бақыт Сұлтанов ҚР Қаржы министрі:
— Үкімет отырысында біз Елбасының жолдауын іске асыру туралы шараларды талқыладық. Тиісті тапсармалар барлық мемлекеттік органда бар. Біз осы күні жалпыұлттық жоспарды әзірлеп отырмыз. Соның ішінде тиісті мемлекеттік органдармен тиісті есеп жүргізетін боламыз. Алдын ала есеп бойынша берілген тапсырмаларды орындауға 70 млрд теңге керек болып тұр.
Ал қазына қаражатын дер кезінде жұмсамағаны үшін бірқатар министрлік өкілдері жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің жауапты ведомстволық мекемелері қатаң сөгіс алды. Ауыл шаруашылығы мен Денсаулық сақтау ведомстволарының да орынбасарларын жазаға тарту үшін Үкіметке тиісті ұсыныс жасалды.
Сондай-ақ қазынаның әрбір тиының есептейтін Қаржы министрлігі де бюджет қаржысын игермегендердің бестігіне кірді. Бұл ретте мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы дисциплинарлық жазаға тартылады. Жұмысына салғырттық танытқан әкімдік қызметкерлеріне де тиісті шаралар қолданылады. Айта кетейік, былтыр 21 млрд теңгеден астам сома игерілмей қалған.
Дереккөз: 24.kz