2017 жылы Қазақстан мен Өзбекстан өзара бауырмалдық байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырды.
Қос мемлекет осылайша Орталық Азия елдеріне мызғымас достықтың тағы бір сара жолын көрсетіп берді. Бір жылдың ішінде ұлт көшбасшылары екі рет кездесіп, экономикалық және рухани байланысты жандандыруға қатысты ортақ саяси шешімдер қабылдады. Соның нәтижесінде құны 2 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын келісімшарттар жасалды. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стратегиялық әріптес мемлекеттер өздерінің ғана емес, Азиядағы өзге елдердің де дамуына арқау болып отыр. Өзбекстан тұңғыш рет қазақ инвесторларына есігін айқара ашты. Біздің барлаушы геологтар сол елдегі жер асты қазба байлықтарын анықтап, алпауыт өндіріс орындарына қаржы салуға мүмкіндік алды. Тиісінше Қазақстанда 800-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамыту мақсатында арнайы «Жол картасы» дайындалды.
Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
— Қазақстан Өзбекстанға жаңа нарық көкжиегін ашып берді. Ол – алпауыт Ресей мен Қытай нарығы. Яғни ынтымақтастықпен қатар сенімді серіктес болып отыр. Қазақстанның дамыған инфрақұрылымы мен логистикасы теміржол байланысын жақсартты. Сол арқылы Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Иранға жол ашылды. 2017 жыл осы әлеуетті ары қарай дамытуға бағытталған «Жол картасы» нақтыланған жыл болды деуге болады.
Дереккөз: 24.kz