Елбасының осыдан тура 7 ай бұрын жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы жұмыстар орындалу барысында Оңтүстік республикаға үлгі болуы қажет. Осылай деген облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бүгін облыстың белді ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. «Рухани жаңғыру: Береке басы – бірлік» тақырыбында бас қосқан өңірдың қазыналы қарттары мақаланың шарапатын айта отыра, оның ел үшін пайдасының орасан зор екендігін жеткізді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды атқаруда ардагерлерде белсенділік танытып, жаңғыруымыз қажетпіз дейді.
«Ардагерлер біздің алтын қазынамыз, олар біздің мақтанышымыз». Басқосуды осылай деп қарияларға жылы шырай танытып ашқан аймақ басшысы Елбасы мақаласының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасын саралап өтті. Тарқатар болсам, өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы бағыттарда облыста өсім жоғары. Соның ішінде, туризм саласы қарышты даму үстінде. Мәселен, жуырда облыс басшысы Қазығұрт тауының биігіне арнайы барып қайтыпты. Ол жақта енді Нұх пайғамбардың кемесі секілді үлкен ақ ескерткіш қойылмақ, бүгінде оның жоба-сызбалары әзірленіп жатыр. Ал, Ордабасы тауында үш бидің алып ескерткіші қойылады. Мұның барлығы да, Елбасының рухани жаңғыру мақаласы аясындағы құнды дүниелерді жаңғырту болып табылмақ.
Ия, оңтүстіктің рухани жаңғыруда қосып жатқан үлесі аз емес. Мәселен, «Туған жер» бағдарламасы аясында 529 жоба кәсіпкерлер тарапынан қолға алынып, облысымыздың түкпір-түкпірінде қанат қақпақ. Бұл да өз кезегінде рухани жаңғыруға қосқан ел перзенттерінің үлесі.
Бағдарламалық мақала аясында мәдениетіміз бен әдебеиетіміз жандану үстінде. Киелі Түркістан қаласындағы Яссауи кесенесі, одан бөлек Ұлы Жібек жолының бойындағы ескерткіштерімізді жандандырып, туристік бағытты артыруда да біршама маңызды жұмыстар атқарылмақ деген аймақ басшысы өңірімізде түсіріліп жатқан көптеген хабар, көркем фильмдер рухани жаңғырудағы үлкен бастама деп біледі.
Елбасы мақаласы аясында Оңтүстік бәріне үлгі болуы керек. Өйткені мұнда көптеген жоғарғы оқу орындары, Халық Ассамблеясы, Қазақстандағы №-3- цирк, дендросаябақ, зообақ, бұл жалпылай алғанда Оңтүстік потенциалының жоғары екендігінің айғағы. Жансейіт Түймебаевтың жалынды сөздерін жалғаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов өңірдегі ардагерлерге мейлінше белсенді болып, қарияларға қолдау танытуды сұрады. Яғни, қариялардың бірқатар негізгі проблемаларын әкімге жеткізді. Жиында сөз алған ардагерлердің басым бөлігі Елбасы мақаласының аясында жұмыстардың қарқынды жүріп жатқандығын, ол істе ардагерлердің қосып жатқан үлесі ауқымды екендігін баян етті.
«Қариясы бар, ел қазынасы бар». Бұл азаматтар елімізге, еңбегі сіңген ардагерлер, сан саланың кіл мықтылары. Еңбектің дәмін татқан ардақты жандар. Сондықтанда, қайбір істің басында болмасын олардың асқан ақылы мен кеңесі, жас толқын үшін аса қажет. Әрі рухани жаңғыруға бет алған жас буынға өмірлік азық болары сөзсіз.
Ұлы дала елінің болашағы жарқын болсын десек, бірлесе жұмыс жасау керек. Барша жанды адал еңбек етуге шақырған Жансейіт Түймебаев жаңадан тағайындалған қала әкімін таныстыра өтті.
Міне, Елбасы мақаласы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып, рухани жаңғыруға қолдау таныту қажет. Облыс әкімінің ұсынысна ардагерлер қауымы да қолдау танытып отыр.
Мұнан соң жиын сұрақ-жауап үлгісіне көшті. Кездесу соңында облыс әкімі барша ардагерлерге сый – сияпат жасады.
Ұлдархан Уәлиханқызы