Шымкентте алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» Халықаралық фестивалі аясында екі күндік «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ОҚО әкімдігі ұйымдастырған іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқылануда.
Форум жұмысына ҚХР — нан бір топ делегаттарды бастап Турзим жөніндегі мемлекеттік басқармасы басшысының орынбасары Ду Цзянь мырза келді. Мұнан өзге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм комитетінің төрайымы, сонымен қатар Халықаралық туризм ұйымдарының өкілдері, Халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, шетелдік және қазақстандық БАҚ жалпы саны 500-ге жуық адам қатысуда.
Оңтүстік өңіріне қош келдіңіздер деген облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.
Сонымен қатар әкім Оңтүстікке келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп, аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш яғни, Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері Оңтүстік өңірінде орналасқанын айтты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқылануда. Сала мамандарының басы қосылған жиында сонымен бірге Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы қаралмақ. Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасатын болады. Келуші қонақтар сонымен бірге Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, «Silk Road Fair» туристік жәрмеңкесін тамашалады.
Абай Омар