Шымкентте кикбоксингтен жасөспірімдер арасында ашық біріншілік басталды. Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отырған жарысқа 10 салмақ дәрежесі бойынша спортшылар қатысты.
Шымкент қалалық №11 Шығыс жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі сондай-ақ қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткізіліп отырған кикбоксингтен жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілік 20 спортшының басын қосты. Яғни бұл жарысқа №11 спорт мектебінен іріктеліп алынған 10 спортшы қатысса, қалған 10 қатысушы облыстың әр аймағынан үздік деп танылған жас кикбоксшылар болатын. Ал бұл жарыс Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және оларды спортқа баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал бұл жарыста топ жарған жасөспірімдер алдағы уақытта өтетін жоғары дәрежедегі байрақты бәсекелерге қатысуға жолдама алатын болады. Осы орайда біріншіліктің салтанаттты ашылу рәсімінде сөз алған азаматтар турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
2000-2005 жылдар аралығындағы жасөспірімдер арасында өткізіліп отырған ашық біріншілікте спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Яғни өзара үздіктерді анықтап жарыс жеңімпазы атану үшін үлкен дайындықпен келген жас кикбоксшылар бәсекесі ә дегеннен ақ тартысқа толы болды. Ал бұл кездесулердің басы қасында жүрген төрешілер қауымы соңғы жылдары өңірімізде аталмыш спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқандығын айтады.
Кикбоксинг шығыс жекпе-жек түрлеріне және ағылшын боксына негізделген. Яғни ережесі бойынша жекпе-жек спортшылардың толық түйісуі бойынша өтеді. Яғни бас пен денеге берілетін соққы аяқпен де қолмен де орындалады. Осы орайда турнир көрікін қыздырған жас спортшылар да тартысты кездесулер жасады. Солардың бірі 14 жастағы Келдібек Шыңғыс болатын. №11 спорт мектебінің шәкірті жарыста 60 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп бірінші раунда ақ қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп шықты.
Екі күнге жалғасатын ашық біріншілікте топ жарған мықты спортшылар алда болатын көптеген жарыстарда өздерін көрсетіп, облыс намысын қорғайтын болады.
Абай Омар