Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» Қалық Абдуллаев 75 жасқа толды. Саналы ғұмырын жарқын істермен жалғап, халқының қалаулысы бола білген тұлғаның табанды еңбегі – тарих толқынында тереңінен өз орнын алған. Төлебидің төрінде туып, Алатаудың арысы бола білген ел ағасының бүгінгі мерейтойы – сонау Алматы қаласында тойланды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері бүгінгі күнге дейін еңбектен қол үзбеген, еліміздегі ең ірі корпорацияның бірі — «Атакент» АҚ басқарады.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, десе де еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы барлығының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап келе жатқан осындай азаматтың бірі — Қалық Абдуллаев.
ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті Б.Ельцинмен Достық Келісіміне қол қою сәті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген 100 жаңа есімге лайықты тұлғаның бірі, халқы сүйген Қалық Абдуллаев десек қателеспейміз. Өйткені, ел үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Татарстан басшылығымен кездесу сәті.
Қалық Абдуллаев 1986-1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, сондай-ақ, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы және Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметтерін лайықты атқарды. Осы жылдары ол Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелерінің негізін қалады.
Мәскеуде өткен Кеңестік Социалистік Коммунистік партиясының съезінде қазақстандық делегация мүшелері.
Сонымен қатар, 1992 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстандық іскер ынтымақтастық орталығы «Атакент» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы болды. 1995 жылы Қалық Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп, Республика Президентінің арнайы Жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Мұнан кейін, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды. Ал, 2000 жылдан бері өзі құрған «Атакент» Акционерлік қоғамы Директорлар Кеңесінің төрағасы.
Ақүйдің ауласындағы кездесу. Вашингтон. (солдан оңға қарай) АҚШ Джордж Буш (үлкені), сол жақтан екінші Н.Назарбаев (сол жақтан үшінші) Қ.А.Абдуллаев.
. ҚР Президенті Джордж Бушпен кездесу. Ортада Қ.А.Абдуллаев.
Түрік Республикасының Президенті Сүлеймен Демирелдің Оңтүстік делегациясымен кездесуі. Анкара.
«KIOGE» Халықаралық көрмесінде. Алматы қаласындағы мұнай-газ саласы басшыларының кездесуі.
Облыстық мәслихаттың депутаты, «Айғақ» телеарнасының басшысы, ОҚО Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Дулат Әбіш те салтанатты жиынға арнайы барып, мерейтой иесін құттықтады. Сондай-ақ, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары аудан жұртының ыстық сәлемін жеткізіп, құрмет көрсетті.
«Айғақ» телеарнасының ұжымы да 75 жасқа толған мерейтой иесін құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіне баянды бақыт тілейді!