Елбасы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында теннис орталығында болып, 6 теннис корты, соның ішінде 3 жабық корты бар кешен аумағын аралап көрді. Мемлекет басшысы жас теннисшілермен кездесіп, әңгімелесті. Соңында Қазақстан Президенті спортшыларға мықты денсаулық пен жарқын жеңістер тіледі.
Спорт кешені 2015 жылы жергілікті бюджет есебінен салынған. 2016 жылдың басынан бері ашық және жабық корттарда бірнеше республикалық жасөспірімдер турнирі, сондай-ақ әуесқойлар мен ардагерлердің турнирлері өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қостанай қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Спорттың күштік түрлері академиясына барды.
Елбасы спорт залдарын аралап көріп, жергілікті спортшылары мен Қазақстанның ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасының мүшелерімен әңгімелесті.
Академия спорттың ауыр атлетика, пауэрлифтинг, бодибилдинг, армрестлинг сияқты түрлерінен спортшылар дайындайды.
Дереккөз: akorda.kz