Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері консалтинг компаниясының өкіліне сенімхатсыз анықтама беріп, заңды бұзған. «Азаматтарға арналған үкіметтің» баспасөз қызметі Анна Дмитриевичтің жеке мәліметтері жария етілгенін мойындады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбаға қатысты айтарымыз, расымен пост авторының атына жылжымайтын мүлік және мекенжай анықтамасы берілген. Бұл жағдайда ХҚКО қызметкері консалтинг компаниясының өкіліне анықтаманы сенімхатсыз берген. Әрине, бұл үлкен заңбұзушылық, сондықтан бұған жол берген қызметкер жұмыстан шығарылады», — деп жазылған мемлекеттік корпорация таратқан хабарламада.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Анна Дмитриевичтен ресми түрде кешірім сұрап, бұл оқиғаны жария еткені үшін алғыс айтты.
«Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет порталында жеке кабинеті бар кез келген адам мемлекеттік қызметтерді пайдалану процесін қадағалай алады. Мобильді телефон нөміріңізді жеке кабинетіңізде көрсетсеңіз, мемлекеттік қызмет алуға қатысты кез келген сұраным туралы хабарлама келеді. Егер хабарлама түскен кезде сіз қызметтерді алуға сұраным жасамасаңыз және ешкімге сенімхат бермеген болсаңыз, бұл заңбұзушылықтың алдын алу үшін бірден +7(7172)64-79-11 нөмірі бойынша жемқорлыққа қарсы сенім телефонына хабарласа аласыз», — деп атап көрсетті баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы тұрғыны Анна Димитриевич Халыққа қызмет көрсету орталығы жеке мәліметтерін жария еткенін әшкерелеген болатын. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.