Қазақ халқының эпостың кейіпкері Қобыландының мемориалдық кешені Ақтөбе облысының Қобда ауданы Жиренқопа ауылында орналасқан. Кешен 2007 жылы 8 қыркүйекте аты аңызға айналған батырдың жерлеу орнында ашылған. «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы 24 қазан күні дәл осы тарихи орында болып, баба рухына тағзым жасады.
Мемориалдық кешен орнатылған жерде ежелден Қобыланды батырдың моласы болған. Батырға арнап заманында кесене тұрғызылған.
Алайда ол ғимарат біздің заманымызға жетпеген. Қобыланды батырдың осы жерде жерленгендігі туралы халық жадында бірнеше ғасырдан бері сақталып келе жатқан мәліметтер бар. Алайда қағаз бетінде нақты деректер жоқ. Ол туралы 1906 жылы Қобда — Елек бойын зерттеу кезінде орыс ғалымы В.В. Карлсон өзінің Орынбор басшылығына жазып кеткен есебінде былай деген: « Илецкая Защита қорғанынан Ойыл бағытында жолда 40 шақырымдай жерде, Қобда өзеніне Ешкіқарған өзені құяр тұста Қобыланды батырдың мазары бар екен. Бірақ ол құлап қалыпты, орнында үйінділер ғана қалған» деп жазып кетіпті.
Осы жерде кейін жергілікті халық қоныс теуіп, батыр жатқан жерді кәбірстанға айналдырған. 1960 – 70 жылдары батыр мазарының орнындағы үйінді адамның тізесінен келетіндей болған.
Алғаш археологиялық зерттеу жүргізу мақсатында ғалымдар Ноэль Шаяхметовпен Сайым Балмұханов 1969 жылы келіп, Қобыланды батырдың сүйектерін қазып зерттеу үшін алып кеткен. Белгісіз себептермен олар кейін қайтарылмаған.
Кейінгі жылдары бұл жерге еліміздің орта ғасыр тарихын жетік білетін халық жазушысы Әбіш Кекілбаев бірнеше рет келіп кеткен. Олардан кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасының премьер- Министірінің орынбасары қызметінде жүрген Иманғали Тасмағанбетов келіп көріп кеткен. Оларға сол кездегі Жиренқопа ауылындағы акционерлік қоғам басшысы Тұрсынғали Латыф ұлы Накеш Қобыланды батыр жатқан жерді көрсетіп, оның асыл сүйегін кейін қайтару туралы жергілікті халықтың өтініш тілегін жеткізген. Бұл туралы И.Тасмағанбетов оған бұл орынды қоршап, бір белгі қойыңдар.Кейін бұл мәселеге оралармыз деп азын-аулақ қаржы беріп Т.Накешке тапсырып кеткен. Содан бейіт айналасы шынжырмен қоршалтып, Ешкіқырған бойынан әдейі екі үлкен тас алдырып, бірін тұрғызып, бірін жатқызып қабір орнына орнатқан.
Кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004 жылдан бастап, Қобыланды батыр жатқан жер ғылыми тұрғыдан зерттеуге алынды. Осы бағытта 2004- 2005 жылдары жүргізілген археологялық жұмыстар кезінде үлкен кесене тұрғызылғаны анықталды. Оның ені 8 м 90 см ұзыны 11 м 60 см болған екен. Жарының қалыңдығы 1 метрге жуық болған. Мазардың төрт бұрышы анықталып шықты. Алайда олардан тек 1-2 қатар кірпіш қалған, жарлардың орнында бір қатар, олар да толық сақталмаған, тек Батыс бұрышында 5-6 қатар қаланған, кірпіш қалдықтары шыққан. Табылған кірпіштер ғалымдардың тұжырымдауы бойынша XIV- XV ғасырға жатады. Сонымен қатар археологиялық жұмыстар кезінде Қобыланды батырдың қалған сүйектері шыққан. Қазба кезінде батырдың зияратына кесене тұрғызғаннан кейін тағы екі адам жерленгені анықталып, олардың сүйектері және т.б. артефактілер табылған. Осы мезгілде Қобыланды батырдың моласын қазған ғалым Н.Шаяхметовпен байланысып, оның алып кеткен сүйектерін қайта зерттеп, бұл сүйектер Қобыланды батырдың сүйегі екенін академик Оразақ Ысмағұлов пен Айнагүл Ысмағұлова нақты дәлелдеп шықты. Содан соң, 2006 жылы 26 тамыз күні Қобыланды батырдың сүйектері өзінің орнына әкелініп қайта жерленді.
2007 жылы батырға арнайы кесене тұрғызылып, кешен ашылды. Оның сәулетшісі Бек Ибраев болды. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде — 16м 89см, диаметрі 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кірді. (Олар 1996 жылы орнатылған табиғи 2 тас, 2006 жылы қайта жерленгенде қойылған арнайы белгі тас және Қобыланды батыр табынған, сиынған қасиетті деп есептеген меңгір тас – «Қайрақ тас»).
Алдағы уақытта «Айғақ» телеарнасынан «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Қобыланды батырдың мемориалдық кешенінен арнайы хабар дайындалатын болады.