Алматы түбінде апатқа ұшыраған санавиация ұшағының бортында болған дәрігерлердің аты-жөндері анықталды, — деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған.
«Алматыдан санитарлық авиация бригадасы сағат 18.39-да ұшып шыққан. Бортта Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы болған», — делінген хабарламада.
Бортта науқастың болмағаны айтылады. Республикалық санитарлық авиация орталығы мен East Wing әуекомпаниясының келісімшарты бойынша АН-28 ұшағымен жолға шыққан. Бортпен байланыс үзілген. Алматы түбінде табылған ұшақтан 5 адамның мәйіті табылған.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан медицина қызметкерлерінің отбасына көңіл айтады және моральдық әрі материалдық көмек көрсетеді», — деді баспасөз қызметіндегілер.
Қаза тапқан қалған үшеуі, Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің хабары бойынша, экипаждың мүшелері болған. Олар – Қырғызстан азаматы, әуе кемесінің командирі Г.Н.Цой мен қазақстандық Е.Кутафин.
Кеше East Wing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткенде радардан жоғалып кеткен еді. Кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта болған бес адам түгел қаза тапқан. Әуе кемесі Польшада 1990 жылы шығарылған.
Дереккөз: Egemen.kz