Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Өскемен қаласындағы ЖӨБ дербес бюджетін және коммуналдық меншікті енгізуге арналған ауыл әкімдерінің форумына қатысты.
«Қазақстандағы жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту пайымын айқындайтын негізгі құжат ҚР Президентінің 2012 жылғы Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы болып табылады.
Тұжырымдама негізіне Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясында бекітілген муниципалдық демократия мен муниципалдық басқарудың жалпыға мәлім құндылықтары салынған», — деді министр.
Ол «2017 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғандығын» еске салды, «онда ЖӨБ дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін 2018 жылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қарастырылған».
Сүлейменовтің айтуына қарағанда, ЖӨБ бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден (төлем көздерінен алынбайтын табыстардан жеке табыс салығы, жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан елді мекендердің жеріне алынатын жер салығы және басқалары) және салықтық емес түсімдерден (мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудан (жалгерліктен) түстетін табыстар; коммуналдық меншікті сатудан түсетін табыстар; жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымы; «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылық үшін әкімдердің төлететін айыппұлдары) тұратын болады.
«Шығындар қолданыстағы Бюджет кодексіндегі ауыл әкімдерінің 19 бағыттағы шығындары деңгейінде анықталды: мектепке дейінгі тәрбие мен білім; елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру; автожолдар құрылысы, қайта ұйымдастыру, жөндеу және ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және басқалары», — деді министр.
Ол Заңның басты ерекшелігі жергілікті қоғамдастықтың жергілікті өзін өзі басқарудың бюджеттік үдерістер мен коммуналдық меншікті басқаруға міндетті қатысуы болып табылатынын атап көрсетті.
«Заңда тұрғындардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысушылардан тұратын комиссия арқылы ауылдық округтің бюджетінің орындалуы мониторингін жүргізу жолымен бақылау тетігі көзделіп отыр.
Осылайша жергілікті қоғамдастықтың мүддесін есепке алу арқылы бюджетті жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылды», — деді Сүлейменов.
Ол сондай-ақ ЖӨБ коммуналдық меншігін басқару жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша ауыл әкімі аппаратына жүктелетінін хабарлады.
«Ұлттық экономика министрлігі «Қазақтелеком» АҚ–мен бірлесіп интернетпен төменгі деңгейде қамтылған 125 ауылдық округті анықтады, оның 105 ауылдық округі қажетті жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілді, ал қалған 20-сы 2017 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта барлық ауылдық округтер аз талапқа сәйкесетін компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілді», — деді министр.
Дереккөз: naryk.kz