Кеше еліміздің жанармай құю бекеттерінде бензин қымбаттаған болатын. ҚР Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов жанар-жағармай бағасының өсу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі таңда біз бензин мен дизельді отынды Ресейден импорттауға мәжбүрміз. АИ-92 маркалы бензин бойынша – 30 пайыз, дизель отыны бойынша – 15 пайыз. Жыл бойы зауыттар кестеге сәйкес тоқтайды, бұл жоспарлы шара. Қазір дәл осындай кезең. Мәселен Атырау зауытында тамыз айынан 18 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі, Павлодар зауыты 20 қыркүйектен 25 қазанға дейін жөндеу жұмыстары үшін жабылады. Осы аралықта бұл зауыттар өндірмейтін көлемді біз Ресейден импорттауға мәжбүрміз», — дейді ол.
Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, зауыттардағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты Ресейден жеткізілетін бензиннің үлесі артқан. Тиісінше жанар-жағармай бағасы да аздап өсті.
«Қазір Ресейден импортталатын бензиннің үлесі артты, соған сәйкес баға да өседі. Жанар-жағармайдың бұлайша қымбаттауы маусымдық сипатқа ие, яғни зауыттардың тоқтауына байланысты. Бірақ, қазан айының соңына қарай жағдай түзеледі деп ойлаймыз», — деп түсіндірді департамент директоры.
Сондай-ақ ол мұнай өнімдерінің бағасы қазіргі таңда тек нарықпен ғана реттелетінін атап өтті.
«Баға нарықпен реттеледі. Сіздер білесіздер, 2015 жылдың шілдесінде біз АИ-92 маркалы бензин бағасын мемлекет тарапынан реттеуді тоқтатып, еркіне жібердік. Ал 2016 жылдың тамызында дизель отынына қатысты осындай шара қолданылды. Бүгінгі таңда аталған мұнай өнімдерінің бағасы тек нарықпен реттеледі. Министрлік мұны бақыламайды», — деді Қ.Құдайбергенов.
Дегенмен, Құдайбергенов атап өткендей, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мұнай өнімдерінің негізсіз қымбаттауына жол бермес үшін жағдайды бақылауда ұстайды.
Дереккөз: Baq.kz