Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын кеңінен насихаттау мақсатында «Айғақ» телеарнасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен еліміздің бас қаласына «Ұлы дала автокеруені» аттанған болатын. 2017 жылы 6 қыркүйек күні аталған керуен Жезқазған қаласынан жолға шығып, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі арқылы Ордабасы биігіне табан тіреді. Бұл жерде осыдан 24 жыл бұрын үш ел Президентінің, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстанның бірінші Президенті Ислам Кәрімов және Қырғызстанның бірінші Президенті А.Ақаевтың кездесу өткен. Тарихта мәңгілікке таңбаланған бұл кездесу құрметіне арналып, биік монумент орнатылған. Қазіргі таңда, осы ескерткіш Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізу туралы ұсыныс берілген.
Айта кетерлік жайт, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ұсынысымен Ордабасы биігіне үш бидің ескерткішін орнату жоспарлануда.
Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалап қайтқан ОҚО-ның «Ұлы дала керуені» мүшелерін Ордабасы ауданының әкімі бастаған аудан тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды.
Бұл күні Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов «Ұлы дала автокеруені» мүшелерін ресми қабылдап, керуен мүшелеріне алғысын білдірді. Шарада ҚР Мемлекеттік әнұраны шырқалып, «Мәңгілік ел» әні орындалды.
Елбасының бағдарламалық мақаласына үн қосқан, керуен жетекшісі, ОҚО Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбіш өз сөзінде, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіндегі ОҚО күндеріне арналған «Ұлы дала автокеруенін» ұйымдастыруға қатысты ұсынысын іске асқанын айтты. Керуен мүшелері атынан облыс әкіміне және Ордабасы ауданының басшысы Р.Қайыпжановтың салтанатты түрде қарсы алғаны үшін алғысын білдірді.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, Елбасының алдында 7 рет ән айтқан ақын-сазгер Нышан Төлегенов сапар барысында көңілге түйгенін жалынды жырымен жеткізді. Нышан Төлегенов Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақтың үш биіне арналған әнін шырқады.
Осылайша, Ордабасы ауданынан бастау алған Ұлы керуен Ордабасы биігінің мәресінде сапарын аяқтады.